Технологии Blogger.
RSS

Социалистік Еңбек Ері Сабырбек Ақтанов

Социалистік Еңбек Ері – шаруашылық пен мәдени құрылыстағы айрықша жетістігі мен үздік еңбегі үшін берілген КСРО-дағы ең жоғары дәрежелі құрметті атақ. Ол КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1938 жылы 27 желтоқсандағы Жарлығы бойынша белгіленген. Социалистік Еңбек Ерлеріне Ленин ордені, «Орақ және Балға» (1940) алтын медалі және КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының грамотасы тапсырылады. Социалистік Еңбек Ерлері атағын екі рет алғандар екінші «Орақ және Балға» алтын медалімен наградталып, туған жеріне қоладан бюст қойылады. Қазақ КСР бойынша 1631 адам Социалистік Еңбек Ерлері атағын алды, оның төртеуі бұл атаққа екі рет ие болды. Қазақстан бойынша мұндай аса жоғары атаққа бірінші болып теміржолды қайта қалпына келтіру батальонының жол жөндеушісі Жаппархан Асанов ие болды. Жамбылдықтардан мұндай жоғары атаққа ие болғандардың алғашқылары – шопан Жазылбек Қуанышбаев, қызылшашы Сындыбала Оңғарбаева. Социалистік Еңбек Ерлері атағымен 300-ге жуық жамбылдық малшылар, астық, қызылша мен картоп өсірушілер, механизаторлар мен химия өндірісінің озаттары, ұжымшар-кеңшар басшылары, аудан басшылары марапатталды. Олардың толық тізімі жоғарыда берілді. Ал, екі мәрте Социалистік Еңбек Ерлері Жазылбек Қуанышбаевтың, Социалистік Еңбек Ерлері: Сындыбала Оңғарбаева мен Дариха Жантоқованың, Александр Львович Нахманович пен Рақым Сәбденовтің, Әзімбек Исмаиловтың, Константин Иванович Скрябиннің өмір жолдары суреттерімен қоса берілді.
Марқалық Еңбек Ерлері. Нұратсалық Ойекенов 1916 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданындағы Орлов ауылында кедей шаруа семьсясында туған. Ұлты қазақ. Еңбек жолын 1932жылы Катонқарағай ауданындағы «Третья пятилетка» колхозында бастады. Қоймашы, есепші, бригадир және жылқышы болды. Ұлы Отан соғысына қатысты. 1943-1960 жылдары товарлы жылқы фермасының меңгерушісі, «Пограничник» колхозының председателі және председателдің орынбасары, совхоз бөлімінің басқарушысы болды. Дербес пенсионер. Денсаулығына байланысты бірнеше жыл жұмыс істеген жоқ, соңғы жылдары  қайта жылқышы болып істейді.
Нұрсатылықтың еңбек жолы колхоздан басталды. Қай жерде жұмыс істесе де өз ісін адал атқарды. Егіс бригадасын да ойдағыдай басқарды. Тәжирбелі жылқышы Стручалинмен жылқы бақты, сырларын үйренді, өзінің де көрсеткіштері жаман болған жоқ. Елімізге неміс-фашистері шабуыл жасаған кезде қару алып, майданға аттанды. Жаумен нағыз ерлерше шайқасты. 1943 жылы аяғынан ауыр жарақаттанса да, жылқы бағуды қалап алды. Фермада жағдай өте нашар еді, жылқылар арықтып, әбден жүдеген. Ол тәжирбелі жылқышы С.Шоқақовпен бірге ауру-сырқауларын өзі бағып, емдеді. Үйірді Сырылтам жайылымының шөбі шүйгін, суы мол алқабына жайды. Ол малшылардың қолындағы әрбір атты есепке алып, күйіне назар аударды. Бір жаздың ішінде-ақ олар жақсы қоңданып, түгі жылтырап шыға келді. 1945 жылы 80 биеден, 57 құлын алды. 1946 жылы бірде-бір ауру жылқы болмады. Биелердің өзі 115-ке жетті. С.Шоқақов пен Ш.Дәуітпаев үлкен көмек көрсетті.
Олардың қай-қайсысы да жайылымның ойлы-шұңқырларын жете білетін. Сөйтіп, 1947 жылы 114 биеден 114 құлын алды. Жылқы шаруашылығындағы зор табысы үшін 1948 жылы 23 июльде Нұратсатылық Ойкенов «Социалистік Еңбек Ер» атағы берілді. 1948 жылы тағы да ірі табысқа жетті. 144 биеден 142 құлын алды. Нұратсатылық колхоздың сый-құрметіне ие болды. Сөйтіп, артель мүшелері оны басшы етіп сайлады. Бұл жұмыста да ол ұйымдаструшылық қабілетімен көрініп, біраз жыл колхозды, кейін
совхоз бөлімшесін басқарды.
Асанов Досым 1892жылы Шығыс Қазақстан облысы, Шеңгелді ауылында кедей шаруа семьясында туған. Ұлты қазақ. Он жасынан он сегіз жасына дейін әрқилы жұмыста болды. Ширек ғасырдай уақыт Алқабек рудный мен кен басқармасы үшін ағаш дайындау ісіне араласты. 1935-1958жылдары Күйбышев атындағы (1957жылы Марқакөл қой совхозы болып қайта құрылды) колхозда шопан болды.
Досым Асанов ширек ғасырға жуық колхоздың қойын бақты. 1954 жылы мал басын аман сақтау және төл алудағы жоғары көрсеткіштері үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, 1947жылы әр жүз саулықтан 125 қозы алып, 517 қазақы саулықтан 648 қозы өсірді.
СССР Жоғары Советі Президиумының 1948 жыл 23 июльдегі указы бойынша Асанов Досым қой шаруашылығындағы тамаша жетістіктері үшін «Социалистік Еңбек Ері» атағын алды.
Ол жан аямай еңбек етіп, мұнан кейінгі жылдарда да 115-130 қозыдан алып отырды. Сөйтіп, қой тұқымын жақсартудың зор мәні бар екенін іс жүзінде дәлелдеді. Әр қойдан 3,5кг биязы жүн қырықты. 
1958жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен наградталды. Бірнеше рет аудандық және ауылдық советте депутат болып сайланды.
Шәріп Дәуітпаев (1924-1953) Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданындағы Орда ауылында туған. Ұлты қазақ. Еңбек жолын «Пограничник» колхозында шопан болып бастады. 1943 жылдан өмірінің соңғы күніне дейін колхоздың жылқышысы болды. «Пограничник» колхозының табиғаты өте жақсы , шаруаға қолайлы. Колхоздың аға жылқышысы Шәріп Дәуітпаев  еңбектес серіктерімен осы тауда талай таң сәулесін қарсы алған. Кішкене кезінде қой бақты, кейін бақташының көмекшісі болды. Есейгенде колхоз оған бір отар қойды сеніп тапсырды. Колхоз жағдайын тіс қаққан малшылар: Сартық Шоқақов пен Нұратсалық Ойкеновтен кейін тамаша білетін Шәріп екенін жұрт тегіс мойындайды. 1945жылы 36 биеден- 36 құлын, 1946жылы 53 биеден- 53 құлын, 1947жылы 114 биеден-114 құлын өсірді. Бұл еңбектегі ең тамаша жұмысы еді. Жылқышының еңбегі елеусіз қалмады, ол жоғары бағалады. СССР Жоғары  Советі Президиумының 1948 жылғы 23 июльдегі указы бойынша Шәріп Дәуітпаевқа «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді.
Шоқақов Сартық 1888жылы Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданындағы Орловка ауылында туған. Ұлты қазақ. 1930-1957 жылдары «Пограничник» колхозының жылқышысы, аға жылқышы болды. 1957-1958жылдары Кабинский сүт совхозында жұмыс істеді.
Сартық Шоқақов өмірін Алтай даласы мен  тауларында мал бағумен  өткізді.Сол өмірінің ішінде көпті көрді. Даланы қар басып, бұрқыраған кезде болды. Бірақ үнемі жеңіп шығып, колхоз байлығын аман сақтап қалды. Әсіресе соғыс жылдары қиын соқты. Өйткені бұл кезде ер-азаматтар соғысқа кеткен болатын. Жасы алпыстан асқанда жылқыны жалғыз бақты. 1946 жылы «Пограничник» колхозы басқармасының мәжілісінде артель жылқысын кімге тапсыру мәселесі қаралды. Тағы қарт Сартыққа сенім білдірді. Ол жылқы санын өсіруде және тұқымын жақсартуға үлкен үлес қосты және шыдымдылық таныта білді. Ол мал жайылымын ауыстырып отырды, 10-15 күнен артық бір учаскеде бақпады. Себебі шөп мал тұяғымен тез тапталатын.
1947жылы Сартық Шоқақов 59 биеден- 59 құлын алып, барлығын аман өсірді. Оның еңбегін жоғары бағалап, СССР Жоғарғы Советі Президиумының 1948жылғы 23 июльдегі указы бойынша «Социалистік Еңбек Ері» атағын алды. Он жыл ол туған колхозы үшін 10 000 жылқы өсірді. 1958 жылы 70 жастағы жылқышы құрметті демалысқа шықты.
Қозыбаев Торсағат (1885-1957) Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданындағы кедей шаруа отбасында дүниеге келді. Ұлты қазақ. Еңбек жолын 1917 жылы бастады. Байдың қойын бақты. 20 жылдан астам «Комитерн» колхозының аға шопаны болды. Ол өмірінде көп қиыншылық көрді, балалық шағы да қызықсыз болды. Ата-анасы  кедей болғандықтан оқу деген ойына кірмеді. Ата-анасына көмектесу үшін 12 жасынан байдың қойын бақты. Ол 16 жасында шопан ісінің құпиясын тани білді. Отаны үшін шабыттана, адал қызмет етті.
Торсағат Қозыбаев жарты ғасырдан астам қой бақты. Жәнеде өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары болды. Жайлау оған туған үйіндей ыстық еді. Ең алдымен жайылымды дұрыс таңдауға көңіл бөлетін.
1947 жылы ол бағымындағы 402 саулықтан 499 қозы орта есеппен алғанда әр жүз саулықтан 124 қозыдан алды. Қой шаруашылығындағы үздік табыстары үшін СССР Жоғарғы советі Президиумының 1948 жылы 23 июльдегі указы бойынша «Социалистік Еңбек Ері» атағымен наградталды. Жоғарғы наградаға жаңа жетістіктермен жауап берді. 1948 жылы 415 саулықтан 538 қозы, яғни әр жүзінен 129 қозыдан алып, аудан малшыларының «Социалистік жарыс озаты» атағына ие болды. Әйгілі шопан екінші рет «Ленин» орденін алды. Өзінің тәжірибесімен жергілікті қазақы қойдың өнімділігі төмен деген пікірді жоққа шығарды.
Керейбаев Біләл-1928 жылы Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданы Тақыр ауылында дүниеге келген. Оның балалық шағы соғыстың сұрапыл күндерімен тұспа-тұс келді. Ол  бала күнінен,жастайынан       еңбекке араласты. Мал бағып қойшы атанды. 1961 жылы өкімет оның еңбегін ескеріп, Социалистік Еңбек Ері атағын берді. 1959 жылы жұбайы Нұрсағимен бас қосты. 7 баласы болған, оның қазіргі кезде бесеуі тірі.1994 жылы Біләл атамыз қайтыс болған.  Қазір Жиделі ауылында Еңбек ерінің бәйбішесі, ұлы-келінімен тұрады.
Сабырбек Ақтанов 1937 жылы 2 наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданы,Тақыр аулында дүниеге келген. Әкесі 1942 жылы соғысқа кетіп оралмады. 15-16 жастан үлкен еңбекке араласып, бастауыш мектепті ғана тәмамдады. 1952-1955 жылдарға дейін түйе бағумен айналысты. Түйені Тақыр ауылының маңайында бақты. Ол кезде 20 ботаны немесе түйені аман бақса, бір түйе беріп отырды. 1956 жылдан бастап шопан болды. 38 жыл бойы үкіметтің тапсырмасын мүлтіксіз орындады. Малды асылдандыру мақсатында жылына 145-тен қозы алып отырды. Орден алуға дейін бұл көрсеткіштен түскен емес. 1953 жылы 1- Ленин орденімен, 1990 жылы Ленин және «Еңбек Ері» орденімен марапатталды.
Сонау 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алған Нұратсалық Ойкенов, Шәріп Дәуітпаев, Сартық Шоқақов, Нұрсағат Қозыбаев, Досым Асановтардан кейін, 1966жылы Біләл Керейбаев ағамыз жалғастырған жұлдызды көшке араға 24 жыл салып қосылған екінші тыңның майталманы «Марқакөлдің жетінші еңбек ері»  Сабырбек Ақтанов болып отыр. Бірақ соншама жоғары атаққа ол кісі жалғыз жеткен жоқ, бұл табыста оның жұбайы Сағымжанның да үлесі бар екендігі күмәнсіз. Әрі ол кісі он баланы дүниеге әкеліп «Ардақты ана» алтын жұлдызын алған. Енді міне, Сабырбек те кеудесіне алтын жұлдыз қадады. Демек, тіл мен жақты айырмайтыны сияқты, бұл кісілерді де бөле- жармай әңгімемізді екі арнада өрбітсек деймін... .
Алдымен Сабырбек «Горный» совхозының шопаны болғанымен Тақыр селосында туған, демек, ендігі жерде ол кісіні тақырлықтардың да мақтан етуіне болады. Өзінің айтуынша еңбек жолын Сталин атындағы колхозда түйе бағудан бастады. Сонда небәрі он бес жаста ғана екен. Ол кезде бас түйеші болған Бекбосын Сағанақов деген кісі оның малды сүйіп, табандылықпен бағатынына риза болып, « қарағым, саған түбі осы малдың қайыры болады, түбі сен осы малдың зейнетін көресің» деп отырады екен. « Қазір осы бір ақсақалдың сөздері үнемі ойыма оралады»,-дейді Сабырбектің өзі. Ал мен ойлаймын, тегі бар баланы таныған Бекең ақсақал да тегін адам болмаса керек. Төрт жыл түйе соңында жүріп, тәжирбелі ақсақалдан тәлім алған Сабырбектің жұмысқа деген ынтасын көрген соң 1956 жылы қой фермасының меңгерушісі Зарықбай Ермекбаев пен мал дәрігері Қабдөске Тұрымов  жұмысқа шақырды. Әрі бір жағынан туыстығы бар ол кісілер жас жігітті қол астына алып баулып, қанаттандыруды мақсат етеді. Сөйтіп, бастабында көмекші, сосын түйеші, болған Сабырбек алдындағы түйелерін Қағазбек Кенжебаевқа тапсырады... Сөйтіп 19 жасар жас шопан 400 бас тоқты мен 400 бас еркек қой қабылдап алып бақты. Сол кезде әлгі 400 еркек қойды « Көкбұлақ учаскесінде семіртіп өткізгенде әрбіреуі 70килограммнан салмақ тартады. Бұл шопан таяғын ұстаған алғашқы жылдың өзінде Сабырбектің тасы өрге домалады деген сөз. Мұндай табысы үшін колхоз басшылығы оған қосымша ақыға 6 еркек қой береді. Қысқа жіп күрмеуге келмей жүргенде бұл бір аспаннан түскендей нәрсе көрініп, жас жігіт 1957 жылы қаңтар айында  әлгі 6 қойды сойып той жасап, бүгінгі күні он баланың анасы болып отырған, ал ол кезде үлбіреген қыз Сағымжанға үйленеді...
Еңбек Ерінің  отбасы. Оның өз кіндігінен тараған 10 баласының бесеуі Өскеменде, қалғандары туып-өскен Ақбұлақ өңірінде тұғырлы тірлік кешіп жатыр. Өкінішке орай, тұңғыш ұлы 39 жасында дүниеден өтіп, көңілге біраз қайғы жамап кетті. Бірақ, қайсар әке тез бекіп, одан қалған үш немересін көңілге медеу тұтып, «Құдай қалғанына ғұмыр берсін» дейді сабырлы қалпынан айнымай.
 Еңбек Ерімен сұхбат
-Марқакөл ауданындағы жеті батырдың ең соңғысы болып мен осы атақты иелендім,-дейді ағамыз бізбен әңгімесінде. –Ес білгеннен мал бақтым, баққан малымның күйлі болуы үшін жанымды аямай еңбектендім десем, бәзбіреулер ұшқары сөйлеп отыр дей қоймас. Еңбегім жанып, бірнеше бесжылдықтың жеңімпазы атандым, баққан малымның үнемі төл алып, жүн жоспарын асыра орындап отырдым.
-Әлі есімде  ең алғаш 450 бас саулық қой алып, оны көкек айында қоздаттым. Ол кезде бағатынымыз қазақ қойы. Содан басына бас қозы алып, әр қойдан 2500 граммнан жүн қырықтым. Ол кезде қойды 2 рет қырқады. Сөйтіп Қалжырдың алқымында болған  алғашқы шопандар слетінде жоспарды орындап шыққаным үшін сыйлыққа кілем алдым. Ол уақытта Сталин атындағы колхоздың  бастығы Қалиолда Көкіншінов, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қабдеш Бакин деген кісі еді,-деп еске алады Сабаң,-1958жылы «Жаңа Рысаққа» қора салынды, содан бері бір мекенді қыстап,содан бері ылғи саулық қой бағып келемін, 1958 жылдың наурыз айында «Горный» жеке қой совхозы болып бөлінді, онда совхоз директоры Илья Симонович Стеценко, ферма меңгерушісі Солтания Ғайсин деген кісі еді, ол адамдарды аудан тұрғындары жақсы білуі тиіс.
-Өткен күнде белгі жоқ деп жатады. Неге болмасын, бәрі санамда сайрап тұр. Әсіресе 1991 жылы мемлекетіміздің тәуелсіздігі жарияланған күнді ел-жұрттың қуана қарсы алғаны әлі есімде. Санасы түзу жұрт бірін-бірін құшақтап, құттықтап, көздерінде еркіндігі сезінген тұнық жас тұнғаны сірә да естен кетер емес.Тәуелсіздікке жетер ештеңе жоқ қой. Мен осынау бақытты бағалай білу керек дегенді балаларыма әрқашан айтып отырамын. Осы ел еңсесін енді тіктеп келе жатқан жылдары мен Елбасымыздың қолынан Еңбек Ері атағын алғанда ішімнен: «Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай, ылайым» деумен болған едім. Тәуба, ел өркендеді, жұрт жетілді,- дегенді қоштасар сәтте Сабырбек аға.
Иә, Сабырбек 32 жыл бойы табан аудармай сол «Рысақты» қыстайды. Жаз жайлауы да сол баяғы «Әкімбай», күзеулері- «Қарабас» пен «Сынтас» учаскелері. Қыстауда да, күзеуде де Мұрат Мусин екі үй көрші отырады, Мұрат бұрын Сабырбектің көршісі болған Кәтрен ақсақалдың баласы. Мұрат Сабырбек алғаш саулық қой алған жылы оның қарындасы Зәмзәға үйленіпті. Қазір бұл үйдің де 7 баласы бар. Мұраттың өзі совхоздың ортан қолдай шопандарының бірінен саналады...
Сондай-ақ Күнгей Бөкенбай бөлімшесінде Сабырбекпен үзеңгі қағыстырып, бірге бәйгеден келіп жүрген Шерияздан Мақтиев, Оразбай Тілемісов, Тауке Жақыпов, Қабділәшім Сабитов және басқа озат қой өсірушілер жастарға үлгі-өнеге бола білуде.
Сабырбек осы бөлімшеде еңбек ете бастағаннан бері аупарткомның 8 бірінші хатшысы, совхоздың 4 директоры, 12 бөлімше басқарушысы аусыпты. Күнгей Бөкенбайда басқарушы болғандардың ішінен Сабаң Жәдігер Зайнулдиновты ерекше атады. Өйткені бұлар жұмыс істеген кезде бөлімшенің шаруасы алға басып тұрыпты. Алға басатын жөні де  бар, өйткені пенсияға шығып кеткен Жәкең болмаса қалғандары облыс, аудан, совхоз көлемінде қазір де жемісті еңбек етіп жүрген жігіттер екені даусыз ғой. Сабырбек өз отарын ғана емес, бөлімшенің жұмысын да ойлай жүреді. Мәселен, оның пайымдауынша, бөлімшенің  басқарушысы, бұрынғы жүргізуші Құман Нұғаровтың да жолы болғалы тұр. Олай дейтіні,  жыл  бойынша бөлімшеде 2 шопан ғана қозы алу жоспарын орындай алмапты. Жоспардан тыс 33 центнер жүн өндіріліпті. Бөлімше бойынша жүзінен 95-тен ақбұйра алыныпты. Бөлімшеге басқарушы болып барғанына әлі 1 жыл толмаған бұл жігіт те келешекте Сабаңның жоғарыдағы тізімінен орын тебетіні анық..
Сабырбек 10 жасында осы күнгей Бөкенбай жайлы түсірілген үнсіз киноны көріпті. Бұл сол кездегі атағы дүрілдеген ферма екен. Сол үнсіз кинода Нұғыман Мәселеев деген кісінің отарындағы қой көрсетілді. Ал горныйда бұрын комсомол-жастар бригадасында болып кейін жеке табын алып, абыроймен бағып жүрген Бөкен Кәріпов, М. Ахметжанов, Амангелді Құсайынов секілді жігіттер баршылық..
Қазақ қойының мықтылығына қараңыз, сол кезде далада туып жатады екен. Боранды күндерде Кәтрен Мусин, Әбдіс Жарқынбаев, Жәкежан Ботабаев, Сәдуақас Есілбаев секілді байырғы шопандар (қазір бұл кісілер марқұм болған) отар қойды қалың шидің арасына иіріп, қоздайтын қойларды сонда қоздатып, төлін аман сақтап қалады екен. Қазіргідей электр жарығын қойып жөні түзу фонарь да жоқ болғандықтан айдың жарығымен қошқар қосып, күйек алатын. Сол ақсақалдардан көргенін Сабырбек те қайталап істеген және құр қайталап қана қоймай осының бәрін зердесіне тоқи, жүрегіне жаза берген. 34 жыл бойы ақтылы қой ішінде совхоздың бір де бір басын шығынға ұшыратып қой төлеп көрмеген. Кейбір шопандар құсап шырқап шығып, құлдырап төмендемейді. Бірқалыпты еңбек. Оның қозыны ең көп алған жылы 1973жыл. Онда да әр 100-нен 145-тен айналған , оның алдында жүзінен 140 деген көрсеткішке табан тірепті.  Ал одан бұрын    да  жүн , қозы алу жоспарларын үнемі орындап және асыра орындап жүргені әмбеген аян. Небір теріс сөйлеп, бұра тартып отыратын горныйлық азаматтар да Сабырбектің Еңбек Ері атағын алғанын естігенде: « Е, бәрекелді, Сабырбектікі адал еңбек, адал тер ғой, алсын Алтын Жұлдызды, баяғыда беру керек еді» депті.
Баяғы қара бала жігіт ағасы болған. Отарларды қыстақтарға немесе жайлауға орналастырғанда болсын, бөлімше басқарушысы, зоотехник онымен ақылдасып, кеңесін тыңдап отырады.. 1972-1973жылдың қыстамасының қортындысында « Таңдаулы Шопан» атағын еншіледі. Сонымен қатар КСРО Президентінің Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Осы жылдың 6- қыркүйек күні Қазақ ССР-інің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қолынан Еңбек Ерінің Алтын Жұлдызы мен Ленин орденін алды. Оның суреті совхоз орталығындағы құрмет тақтасында бірінші болып орналасты.  Ал ол кезде, горныйлықтар Сабырбек Ақтановтың  Социалистік Еңбек Ері атағын алу қуанышын тойлап өткен болатын. Ширек ғасыр дегенде Марқа жеріне қайта оралған жұлдызды шеру жалғаса бергей деп тілейміз.
Сабырбек Ақтанов және оның жұбайы Сағымжан апаның кеуделерінде Алтын Жұлдыз жарқырайды. Иә, осыдан отыз бес жыл бұрын өгіз мініп, қой жайып жүрген бала жігіт осындай дәрежеге жеткеніне кім сенер еді? Бірақ өмір шындығы осындай. Аға түйешінің ақ батасы дарыған қара бала бүгінде Социалистік Еңбек Ері болды, елінің де, өзінің де мәртебесін асырды. Міне, «еңбек түбі зейнет» деген осы да.
Советтік Социалистік Республикалар Одағы  Президентінің Указы
Қазақ ССР аграрлық-өнеркәсіптік комплексінің қызметкерлеріне Социалистік Еңбек Ері атағын беру туралы. Интенсивті технологияларды және еңбекті ұйымдастырудың озық әдістерін қолдану негізінде мал шаруашылығы негізінде мал шаруашылығы өнімін өндіріп мемлекетке сату көлемін ұлғайтуда аса көрнекті нәтижеге жету үшін Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, Ленин ордені мен «Орақ пен балға» алтын медалі қоса тапсырылсын.
Ақтанов Сабырбек Жанабайұлы- Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданының «Горный» совхозының аға шопаны.
Советтік Социалистік Республикалар Одағының Президенті М.Горбачев
Москва, Кремль
1990 жылғы маусымның 6-сы
КСРО Президенті М.С.Горбачев Указымен «Горный» совхозының аға шопаны Сабырбек Ақтановқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. «Боран» совхозынан Біләл Керейбаев Еңбек Ері атағынан кейін марқакөлдіктер Ерлер қатарының көбеюін көп уақыт күткен-ді. Бұл фактінің Сабырбек Ақтанов үшін ғана емес,барлық басқа малшылар үшін де мәні зор, өйткені олар өздерінің нәтижелі еңбегінің лайықты бағаланғандығына тағы да көз жеткізеді.
Қазақ ССР Жоғарғы Советінің награда тапсыру жиынына халық шаруашылығы салаларының және әлеуметтік саланың көптеген өкілдері болып табылатын жұмысшылар мен колхозшылар қатысты. Тек жұмыс ғана адамның сіңірген еңбегін танудың ең жоғарғы өлшемі болып табылады. Қазақ ССР Президенті Н.Ә.Назарбаев мемлекеттік наградаларға ие болғандарды ылы лебізімен құттықтап, оларға алдағы уақытта еңбекте табыс, жан қиярлық еңбегі үшін шын ықыласты алғыс айтып, ризашылық білдірді. Бұл оқиға олар үшін өмірдегі кезеңді оқиға, алға басудағы жаңа стимул болатынына үміт білдірді. Сол наградталғандардың ішінде бүгінгі біздің зерттеу тақырыбымызға арқау болып отырған Сабырбек Ақтановта бар еді. 

Жеңіс Айбол, 10-сынып оқушысы,
КММ «№2 Теректі орта мектебі» 

  • Digg
  • Del.icio.us
  • StumbleUpon
  • Reddit
  • RSS

0 коммент.:

Отправить комментарий

Back to TOP