Технологии Blogger.
RSS

Отаным менің – туған жер

Отан... Бұл сөз - әрбір адамның көкірегін кернеген, мақтанышпен айтатын сөзі. Менің Отаным – Қазақстан. Қазақстан байтақ, егемен ел. Осы сөзді естігенде көз алдымызға жазық дала, кілемдей түрленіп жатқан көк шалғын, айдын көлде жүзген аққу-қаз, маңырап жайылған қойлар, үйір-үйір жылқы, сан түрлі құстардың сызылта салған әндері елестейді.
Иә,осындай табиғатқа жету үшін тәуелсіздікке жету керек болды. Тәуелсіздікке жету үшін сан жылдар тіпті ғасырлар бойы уақыт қажет болды. Ал, осы уақыт бойында біздің   ата-бабамыз күресіп, шайқасып, еркіндікке жетті.
Республика!Ерікті ел- Қазақстан!
Келді ақыры көп күткен жаз алыстан,
Келді алыстан аңсатып,армандатып,
Торды бұзған мен де бір мәз арыстан,- деген ұлы ақын Жұбан Молдағалиевтің көңіпді жырындағыдай 1991 жылдың желтоқсанында еліміздің  құдайдан тілеген еркіндігі,егемендігі пайда болып,жайдарлы жазы туды. Тәуелсіздік- азаттықтың алтын діңгегі, ұлттық өрлеудің ұлы күші. Тәуелсіз елдің ұлы – өжет, қызы – қайратты, халқы-қаһарман. Ұлттық тілдің, дәстүрдің,салт-сананың құламас тірегі-тәуелсіздік. Ата жұрт,атамекен-өте кең ұғым. Атамекен-адамның ата – бабаларынан бері қарай кіндік қаны тамып,өсіп-өніп келе жатқан жері.Өмірден көретін қызығы мен бақытының тұрағы. Біздің халқымызда атамекенді ардақтау сезімі өте терең, туған жерді қасиет тұту- қанға сіңген мінез,ежелгі дәстүр. Бұл таным жанымызға ана сүтімен тараған,ана тілімен дарыған. Бабаларымыздың ертеде айтқан ұлы ұстазы Күлтегін ескерткішінде жазылған:
Қызыл қанымды ағыздым,
Қара терімді төктім.
Түн ұйықтамадым,
Күндіз  отырмадым,
Тізеліні  бүктірдім,
Бастыны еңкейттім
Түрік болғаным үшін, - деген жолдар атамекен құдіреттілігін айқындай түсетіндей.
Ғасырлардан-ғасырларға ұласып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп,мирас етіп қалдырған ұлан-ғайыр атамекенім - Қазақстан. Қазақ елі - сонау Алтайдан Пиренейге дейін билік еткен Еділ батырдың  елі. Қазақ елі – асқан батырлығымен, ақыл-парасаттылығымен Египет еліне билік жүргізген Бибарыстың,Үндіні билеген Бабырдың елі.
Қазақта: «Ер туған жерінде, ит тойған жерінде» деген мақал бар. Өйткені ол  сол жердің топырағында өсіп, суын ішіп,ауасымен тыныстады,табиғатымен бірге қайнасып, адам болып қалыптасты. Сондықтан да әрбір адам туған жерін қорғайды, аялайды, күтеді, қастерлейді.
Отан - оттан да ыстық деген халық мақалы жай айтылмаса керек. Расында өз қалаңнан,ауылыңнан ұзап, шалғай кетсең болды, аулаңда жатқан тасыңа дейін ыстық көрінеді ғой, шіркін! Кім өз жерін сүймесін, сағынбасын? Осы оттан да ыстық сезім ғой халқымыздың қаһарман ұлдарын ерлікке бастайтын да, ел бүтіндігін сақтауға итермелейтін де.
Өткен тарихымызды ой елегінен өткізе отырып, ғасырлар қойнауына көз жіберер болсақ, қазақ халқы небір қиын-қыстау кезеңдерді, ауыр күндерді басынан кешірген. Сонау ерте патриархтық-рулық құрылыс заманында халықтың арман қиялынан туған ел қорғандары - Алпамыс, Қобыланды, Қамбар сынды батырларымыз,Монғол шапқыншылығы кезінде туған қаласы Отырарды қасық қаны қалғанша ерлікпен қорғаған Қадірхан ел тірегі, ел панасы бола білді емес пе?! «Ақтабан-шұбырынды, алқакөл сұлама»  аталған халықтың ұлы апаты кезінде ел бірлігін сақтаған Абылай, Әбілқайыр хандардың халқына сіңірген еңбегі, халық басына қайғы орнаған қысылтаяң жағдайда атақты Қазыбек, Төле, Әйтеке билеріміздің азаттық жолындағы күресі,Жоңғар шапқыншылығын талқандаған қаһармандары Қаракерей Қабанбай,Қанжығалы Бөгенбайдың ерлікке толы өмірі өз алдына жыр- дастан болса, кешегі дүние жүзін бір сілкінткен Ұлы Отан соғысының батырлары – Бауыржан Момышұлының, қарапайым қазақ қыздары Әлия мен Мәншүктердің қайталанбас ерліктері, Желтоқсан құрбандары Қайрат,Ербол,Ләззат сынды жастарымыздың батыл істері - біздер үшін, жас ұрпақ үшін үлгі- өнеге, тағылым мектебі.
Көріп отырғанымыздай, туған жердің даңқын көкке өрлеткен батырларымыз аз болмапты.Әрі дана,әрі дара халқымыздың осындай үлгі-өнегесін көріп, естіп өскен ұрпағы ел басына күн туған шақта жер қамын ойлар қорғаны бола алатынына сенімім мол.
Сүйікті Отанына, атамекеніне деген сүйіспеншілік сезімі нағыз батырды қан майданға, жер қорғауға аттандырар болса, нағыз ақынды жырлататын да – осы күш.
Қай халықта болмасын, өзінің кіндік қаны тамып,туып - өскен еліне,жеріне деген ыстық ықыласын,терең сезімдерін өлеңге қосып,өз өлкесінің тау-тасын,дархан даласын, аққулы көлін жырламаған ақын кемде-кем.
«Мөлдірлеткен,тазалықтан,биік адамгершіліктен тұратын» ақын ағамыз Мұқағали Мақатаев «Үш бақытым» өлеңінде адамзаттың асыл бесігі- жұмыр жерді қалай сүйіп, қадірлейтінін айта келе:
Ең бірінші бақытым-халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін...
Ал,екінші бақытым- тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім
Бақытым бар үшінші - Отан деген
Құдай деген кім десе Отан дер ем!-дейді.
Менің кіндік қаным тамып, шыр етіп дүниеге келген жерім Күршім ауданы Бурабай өңірі.Табиғаты туралы айтар болсақ, Бурабайдың әсем табиғаты, мөлдір суы,таза ауасы барлығы өзінше қайталанбас керемет бір құбылыс. Орманына  кірер болсаң сайраған  құстар үні  көңіліңе көктемнің шуақты күніндей көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Бұл жердің әр тасы ыстық болып сезіледі.
Ауылдың жанында сарқырай ағып жатқан Күршім өзенінің бізге тигізер пайдасы шексіз. Осы өзен суы арқылы жергілікті тұрғындар бау- бақшаларын, жемістерін суғарады.Қыста балалар мұз үстінде сырғанақ тепсе, жазда өзен бойында өсетін қызылқат, көкқат, бүлдірген теріп, балық аулап, суға шомылады. Өзеннің тазалығы сондай 2 - 3 метр тереңдіктегібалықтар, тастары анық болып көрінеді. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды»  дегендей, ауыл тұрғындары және де демалуғы келген қонақтар ауылдың қонақжайлылығына тамсанып қайтады.Ауылдың саф ауасы, табиғат сұлулығы кез - келген адамды өзіне тартып, керемет бір рахатқа бөлейді. Енді ауылдың тарихына тоқталып өтейін.
Бурабай ауылы  елдің айтуына қарағанда, сонау 1914 жылдан бастап іргетасы құрылған дейді. Ал, негізі ауылдың не себепті Бурабай атанғанын, осы тарихқа үңілсеңіз таң қаласыз. Осы шұрайлы, жайқалған жасыл өлкеде бір бай тұрыпты. Оның түйесінің көптігі соншалықты, ешкім санына жете алмапты. Аузынан көбік шашып буырқанған буралары да өте көп болыпты. Осыған қарап қазекең «Буралыбай» деп атапты. Бертін келе, Бурабай атанып кеткен.ХХ ғасырдың басында патша үкіметі жаппай қоныстандыру саясатын жүзеге асыра бастады. Осы қоныстандыру саясатын біздің ауыл да басынан кешірді. Бурабайда өткен ғасырдың басында 200- дей үй болған деседі. Бастапқыда орыс ұлт өкілдері көп тұрыпты. Қалғандары славян тектестер,украин, белорусь, т.б. болды. Алғаш артель болып құрылғанда,Батпақбұлақ,Көкжота, Буденовка болып біріккен екен.Мұнда бастауыш мектеп те болған.
Бірақ, 1917 жылғы ақтар мен қызылдар соғысы бұл мекенді де айланып өтпеді. Азамат соғысы бұл арада қызу болған. Оған куә қазіргі Еспенбет деген жердегі үңгір. Жылда экскурцияға шыққан адамдар осы үңгірді тамашаламай кетпейді. Осы үңгірден ауыл тұрғыны Сағымбаев Төлеген деген кісі тапанша тауып алыпты. Сол кездерде үңгірді жатақ ретінде пайдаланыпты. Ақтар бұл үңгірге бекініп алып, қызылдардан қорғанған дейді.Қызыл отряд командирі Тимопеев деген адам болған.Кейіннен сол кісінің атымен ауыл біраз жыл «Тимопеевка» деп аталған екен.Осы ауылда ақтарға мәлімет беріп жүретін Сарашенко деген бақсы кемпір болыпты. «Сол кезде біз бала едік, бірақ та сол кемпірдің суық жүзі мен үңірейген көзі әлі күнге дейін көз алдымызда қалып қойды»,- деп еске алады көнекөз қариялар.Иә,Азамат соғысынан ескерткіш болып қалған үңгір, тау басындағы ойық жыралар әлі күнге дейін өткен тарихты еске салады.
1920- 1930 жылдар аралығында колхоздар, коммуналар, артельдер құрылған Қазақ шаруалары ұжымдық шаруашылықтарда ынтымақтастықпен өзара көмек мектебінен өтті. Елде тыныштық орнаған тұста ауылға 1925 жылы Иманбаев Доскен бастаған қазақ шаруалары қоныстана бастаған.Содан ол кісі осы ауылда 2000 жылға дейін тұрған, кейін қалаға балаларына көшіп барып, сол жақта қайтыс болды.
Ауылда алғашқы диірмен иесі -  В.И. Игнатов деген орыс азаматы болған.Сол диірменнің бір діңгегі ауылда әлі күнге дейін сақталған.Ауылға жаңадан келгендер уақытша баспаналарын тауға үңгір қазып жасапты.Ондай үңгір баспаналарда Әнтай,Құнысбек т.б. бала кезінде Сейілхан ата да тұрған екен. Ауылдың көпшілік тұрғындары Шірікаяқтағы ашылған рудникте жұмыс істеп келгендерден  құралған. Ұлы Отан соғысы жылдарында Шірікаяқтағы Рудникті «Ленинск» руднигі деп атаған екен. Онда  негізінде қалайы өндірген. Мұндай  шахта кейіннен Бурабай ауылында ашылыпты.Сәбиев Сейілханның шешесі сонда жұмыс істеген екен.Сол шахтаның орны әлі күнге дейін бар. Темірлері жер бетіне шығып жатыр.Шахталар нөмірленген. Бұл шахта №7 болған екен.Рельс болған, күніне қаншама вагон қалайы алатын топырақ тиеп, осы рельспен шығарылған. Кейіннен шахтаны су басып қалыпты.
Ауыл табиғаты өте әсем, қараса көз тоймайтындай болыпты, Вершин -  Бурабай деген жерде қалың ну орман болған. Қазір сиреп қалған ағаш, су шайған, жер сілкінісінен шатқалдар пайда болған. Ауылдың аяғы мектеп тұсымен шектеліпті. Қазіргі мектеп тұрған орында ферманың үлкен көкөніс егетін бақшасы болған. Осы бақшада бірнеше орыс- қазақ әйелдері ынтымақтастықпен жұмыс істепті. 1965 жылы ауылда тақтай  тілетін цех ашылды. Кесіктен көшіп келген Интус деген неміс осы цехта балташы болып жұмыс  істеген, әйелі- мұғалім. Осы жылы және де паром жұмыс істепті.Бұл пароммен арғы бетке қой тасыған екен. Паромды И. Кушкин деген  орыс азаматы жүргізіпті, және 1966 жылы қалың қар жауып, су тасу қаупі төнгеннен кейін алғашқы бөгеу  солдаттардың күшімен салыныпты.
1967 жылы ауылда Бунтовских атындағы Пионер лагері ашылды.Жылда оған ауданның  үздік оқитын оқушылары келіп  демалған.Лагерь Кеңес үкіметі тоқтағанға  дейін оқушылар демалатын орын болды.Осы жылы ферманың мехтогі ашылып, қырман болған.
1960 - 1967 жылдары Бурабай  Қалғұты  кеңшарының құрамында болып келген. Бастығы - Ахмадиев Ахмет деген кісі болған. Ал 1967- 1981 жылға дейін ХХ партсъезд атындағы кеңшарға біріккен. Директоры - Девятов. Осы тұста ауылда Бражник деген  кісі басқарма болып тұрды.Орысша, қазақшаға бірдей жетік бұл кісі тұсында ауыл айтарлықтай өркендеген.Ауылдан Ахметов Тоқтарбек деген кісі Партияның ХХVI съезіне делегат болып Мәскеуге барып келген.
1981 жылы Бурабай жеке отау тігіп, Абай атындағы совхоз болып құрылды.Алғашқы директоры- Рамазанов Бақытхан деген  кісі болды. Кейіннен Зинашов  Сатығали , парткомы – Бейсенбаев Мұқан болды.Сонымен қатар ауылда май тарту, ұн тарту цехы ашылды,ауылды маймен, ұнмен қамтамасыз ете бастады.Совхоз орталығы – Бурабай болғаннан кейін бірқатар құрылыс жұмыстары өрістеді. Бурабай аясы кеңейтіліп,ақшаңқан үйлер бой көтере бастады. Бұрынғы ферма бақшасының орнына мектеп бой көтерді. Мәдениет үйі, кеңшар кеңсесі, балабақша пайда болды.Жан- жақтан әртүрлі мамандық иелері көптеп келе бастады.Ата- әжелеріміз, әке- шешелеріміз барлық игі істерге белсене араласып,кеңшардың экономикасын көтеру үшін атсалысты. 24 қой отары,бірнеше гектар егістік даласы,күнбағыс алқабы болды.Қырман мехтогы  қайтадан жұмыс істей бастады,күндіз- түні астық бастырды. Қой қырқатын қырықтық бөлімі ашылды. Мұнда күніне 3 - 4 отардан қой қырқатын. Қырықтықшылар арасында социалистік жарыс өткізіліп тұратын.Озат қырықтықшылар Сүлейменова Мәйну, Әлібаева Кәкен апайлар болды.Жүнді түктеп, байлап мемлекетке әр қойдан 3,5 кг жүннен тапсырып отырды. Мал тоғыту пункттері ашылды.
Ауылдағы Сүлеймен ақсақал «Ленин» орденімен марапатталған атақты шопан болған екен, ұрпақтары осы кезде сол аталарының ісін жалғап келеді.Бурабай ауылында  еңбек ардагері де болған. Олар: механизатор - Әшімов Сайлау, шопан - Танашанов Әбдіқан.Абай совхозының Жылтау фермасынан Қайырбаев Назымбек, Қалқатаев Әміржан, Баймұханбетов Кеңесхан,ал Қойтас фермасынан Есімханов Зарлыхан, Қисарин Шаукен. Бұл адамдар ерен еңбектері үшін «Қызыл ту» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталып, депутат болған азаматтар.
Ауылда мәдени шаралар өте жақсы дамыған.1990 жылы мәдениет үйінде «Қаракөз», «Ажар мен ажал», «Құдағи келді» т.б. көптеген спектакльдер қойылды.Сол кездегі ауылдық кеңес председателі Режиссер Өлмесеков Бақытхан, мәдениет үйінің меңгерушісі Ынтықбаев Бақытбектің ұйымдастыруымен «Қозы Қөрпеш - Баян сұлу» спектаклін қойып «Халық театры» деген атақ алды. Облыс орталығындағы Жамбыл атындағы драма театрында осы спектакль театр күніне арнап қойылды.Қозы Көрпеш рөлінде - Дабынов Мұхамет,Баян сұлу рөлінде- Бабақұмарова Клара, Қодар- Өлмесеков Бақытхан, Айдар батыр рөлін-Ынтықбаев Бақытбектер өте тамаша сомдады. Мұнан кейін де көптеген спектакльдер қойылды. Сахнада өнер көрсеткен адамдар белгілі театр әртістері сияқты рөлдерін өте жақсы сомдай білді.
«Өткен күнде белгі жоқ»- дейді халық. Өкінішке орай,1996 жылы сәуір- мамыр айында кеңшарлардың жеке меншікке айналдыруына байланысты, сүттей ұйып отырған кеңшарлар тарап кетті. Әдемі ғимараттар, балабақша, Мәдениет үйі тоқырауға байланысты иесіз қалды,пай  бөлу науқаны  басталды.Жұрт  пайларын бөліп алып, жеке шаруашылық құруға кірісті. Жұмыссыз қалған жұрт қалаға қарай көше  бастады.Кезінде Бурабайдың сәні болған үйлер иесіз қалып, сиқы кетіп, көңілге келеңсіздік тудырар сезімдер пайда  болды.
1991 жылы жер сілкінісі  болды. 2000 жылы қыста қалың қар түсті, 2001 жылдың мамыр айында су тасып, ауыл бір ай бойы су тасқынында қалды. Су тасқыны ауылға залалын тигізбей қойған жоқ, көпшілік тұрғындар ауылдан тысқары жерге қоныстануға мәжбүр болды.Соған қарамастан ауылдастар заман көшінен қалмай мал өсіріп, бау- бақша егіп,ауылды гүлдендіріп, сақтап қалуға күш жұмылдырып келеді.Үлкен шаруа қожалықтары жұмыс істеуде.Айтар болсақ, Бахтияров Ә., Қабдуллин Ж., Сүлейменов Р. және т.б. Қазіргі кезде ҚХР-нан бірталай қандас ағайындар ауылымызға көшіп келді. Ауыл халқының саны біршама өсті.2003- 2005 ауыл жылы деп елімізде жариялалағанымен біздің ауылға ешқандай өзгеріс, жаңалықтар әкеле қойған жоқ. Әйтсе де соңғы жылдары ауылымыздағы мәдениет үйін ауыл тұрғындары болып және аудандық бюджет есебінен қайта толық жөндеуден өткізді. Биылғы жылы ауылымызға жаңа аурухана пайдалануға берілмекші.Туған ауылды, ғасырға жуық тарихы бар өлкені тұғырына қайта көтеріп, көркейтетін біз, болашақ жастармыз! Ауылды көркейтуге бір кісідей атсалысайық ағайын!
Аққазинова Назерке, 6-сынып оқушысы, 
Күршім ауданы, Бурабай орта мектебі 

  • Digg
  • Del.icio.us
  • StumbleUpon
  • Reddit
  • RSS

0 коммент.:

Отправить комментарий

Back to TOP