Технологии Blogger.
RSS

Дананың ізі қалған

Кім білсін, бәлкім, мен күні бойы шаңға көміліп доп қуып жүрген қара жолдың бойымен қара пәуескесімен күндердің күнінде қазақтың дарасы, данасы Абай өзінің сыншыл да ойлы көздерін  көсіле жатқан далаға тігіп, кезекті бір өлең оралымдарын ойлана отырып Семейге қарай жол тартқан болар, я болмаса  дәл осы жолмен білімге шөліркеген бала Абайды әкесі сол Семейден алып қайтқан да болар. Дәл осы қара жол ғана,көгілдір аспан, мынау жазық дала, жота-белдер - бәрі-бәрі осы тарихи  шындықтың  куәләрі. «Абай Қарамолаға көп жолдас ерткен жоқ. Қасына алғаны Ербол мен Көкбай, Баймағамбет. Жастардан: Мағаш, Дәрмен ерді. Өзге жастан Кәкітай, Әбіш те бірге ермек болып еді, Абай оның екеуіне де ауылда  болуға ұйғарды. 
...Аз жолдаспен кеткен Абай Қарамоланың  шербешнайына онша асығып жүрген жоқ. Жолшыбай өзін жақсы көретін дос-жар, меймандос ауылдардың біріне түстеніп, біріне қона жатып, үш күн жүрді. Тек төртінші күні ғана бұл жолаушылар тобы Қарамола тұсына жетіп, Шар өзенінің бойын құлдилап келе жатты.
...Қарамола басына Абай елеусіз ғана түсті. Абайдың қасына қара халық адамдарынан арыз – мұңдары көп кісілер ғана келді. Абай өзінің азғантай дос –жарандарының арасында бүгінгі күнді оңаша, тыныштықпен өткізді. ...Ұлы сәске кезінде Қарамола жәрмеңкесінің басы ың – шың, у – шу, әбігер қарбаласқа ауысқан. Шаңдатып шапқылаған жүздеген аттылар жосыды. Қоңыраулары шылдырап, үлкен күймелер тройкалары лек - легімен келді.
...Дәрмен тұрып: - Жандарал Абайды айдатпақ түгіл, ардақтап жатыр. Үстіне оязды кіргізбей, жалғыз Абайды ғана кіргізді. Дәйім осылай Абай ағамның абыройы ассын! Қызғаншақ жауыздың қарасы батсын! – деді»  Бұл  үзінді Мұхтар Әуезовтың Абай жолы романында бес дуанның билерін біріктірген әйгілі Қарамола съзіне   Абай тобының келуі суреттелген.                                                                                                                                       
Әке-әмірінің күштілігі ме, әлде «қалың елім, қазағым қайран жұртым»  деп, ел ішіндегі түрлі мінез-құлық, дау - шардың бірде әділетті, бірде әділетсіз шешім тауып жатқанын көзбен көріп,  құлақпен естіп, жүрекпен сезген ақынның халық үшін қарсы айырылған күңіренісі итермеледі ме, Абай қырыққа келген кемел шағында ел басқаруды, болыстықты қолға алады. Қаламыздың ту сыртын ала, он екі  шақырым жерде орналасқан Қарамола төбесінде тарихи маңызы зор съезд  ашады.                                                                        
1885 жылдың мамыражай мамыр айы. Қарамолада өткен төтенше съезд. Съезде ірі маңызы бар құқықтық құжат Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы заң ережелері қабылданады. Бұл құжатты съезде төбе би болып сайланған Абайдың өзі жазып шыққан. Құжаттан Абайдың ел билеудің әдеттік - құқықтық жүйесі мен ислам діні бекіткен заң нормаларын заман талабына сай  жаңарту идеялары айқын көрінеді. Съезд Абайдың ел арасында ғана емес, орыс әкімдері, патша үкіметінің Семейдегі әкімдері арасында беделі өсе түскендігін танытты. Абай  осы төтенше съезде 96 баптан тұратын заң жобасын ұсынған, онысы көпшілікке ұнаған. Асылы бұл 1886 жылы  жарық көрген  73 баптан тұратын «Ереже» еді. Ел арасындағы ұрлық ,барымта, жер, жесір дауы, болыстар арасындағы дау – шарлар  шешімі сайлау билерінің қолында қалдырылып отырғаны. Дәл осы кезеңде  жұрт мінезі де алақұйын күй кешіп, бақасқұмарлық, пәле –жалаға әуестік  шектен асады. Әсіресе, Шыңғыс елінде  өзара сыбайластық, ел билешілер арасындағы парақорлық үздіксіз дамып отырған  болатын. Дәл осы кезеңде ақынның өз басы екіұдай күй кешіп патша үкіметінің жазалауына ұшыраған – ды, ақылы асқан ақын өзінің білімі мен тапқырлығымен, парасатымен, өзінің ақтығын дәлелдеп шығады да, осы съездің төбе биі болып сайланады.  Қайтсем қазағымның көсегесі көгерер, қайтсем елдің алды болар деп ел тізгінін ұстаған азғана уақытта барын салыпты  дара ақын.  Мәселен, Абай жазған  әділ Заң Ережесіне жүгінер болсақ, оның бірі- ұрлық үшін оның ағайыны емес, өз басы жауапты, екіншісі – жесір қалған әйел  өзінің қалаған адамына тиюге хақылы делінген. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді» демекші, ел ішінің бірлігінің, ұлт тұтастығының кепілі екендігін түйсіне білген ақыл иесі барлық  білімі, ой – санасын тоғыстырған осы ережеде өзінің  салиқалы саяси қырағылығын, кемел көзқарасын танытқан. Шариғат заңдылықтарымен қазақ даласындағы жаңа лепті ұштастыра отырып, туған халқына қолайлы  әдеттік – құқықтық заң ережелерін жасау жылдары менің туған топырағымда жүзеге асырылыпты. Осы күнде Қарамола төбесінің басына ескерткіш тас қойылған. Бұл жерде  халқының жанына жай тапқызған, өмір сүру мәнерін лайықтап заң жазған данышпанның ізі жатыр. Ата Заңымыздың тарихында сонау  Тәукенің  жеті Жарғасынан  кейінгі қалың қазақ үшін аңыз болған Абай  Ережесі дәл осы жерде шығарылыпты.
Жылдар ақырын ғана жылыстап өтіп жатыр. Адам баласы уақыт-машинаның дөңгелегін тоқтата алмайды. Бар болғаны өзі өмір сүрген дәуірде жақсы ісі мен жақсы сөзін ғана қалдыра алады.Тұтас бір ұлттың ақыны атанған Ұлы тұлғаның менің кіндік қаным тамған топырақты ізі мен сөзі қалғаны көңіліме қуаныш толтырады. Өлкем бүгінде өзгерген, заман мен бірге тыныстап келеді. Тоғыз жолдың торабында тұрған қаланың тіршілігі қайнап жатыр.                                                                                                                                               
Сегіз мың ғана халқы бар қаламның ірге тасы 1935 жылы қаланды. Қазақстан экономикасының күретамыры болған теміржолдың салынуымен тікелей байланысты қала тарихына - 80 жыл Қызылсу Шар өзенінің бойына жағалай қонған қала тарихының  ұлы Абай есімімен, оның қоғам қайраткерлігімен  ұштасып  жатқандығы - әрбір жерлесімнің мақтанышы. Түркістан  - Сібір магистралінің салына бастаған кезде небары  2-3 үйден тұратын Шар  стансасы  бүгінде әлеуеті күшті, аудан экономикасына үлесі мол моноқалаға  айналған. Өткен тарихына зер салмай алдағы болашақты  болжау мүмкін емес. Ұшы - қиыры жоқ  қазақ  даласының  бір бөлшегінде өмір сүріп жатырмын.
Қазақтың әрбір ұлтарақтай жерінде игілікпен ізгіліктің ізі бар. Осы қасиетті топырағымыз талай - талай тау тұлғаларды тудырды. Дархан даланың топырағына аунап, суын ішкен, күн нұрына малынып өскен, ерке желін өпкен перзенті де еркіндіктің, шешендіктің, даналықтың  нәрімен сусындап келеді.  Бабалар аңсаған дәулеті шалқыған, мерейі тасыған өлкенің ұланымын.      
Абай атам атын шалдырған Шар өзенінің суы бәз – баяғы  қалпында ақырын ғана ағып жатыр.          
Күн сайын өмір өзегіндей  болған жолаушылар және жүк тасымалдаушы поездар өз жүрісінен жанылмай дамылсыз ағылып жатады. Тіршіліктің қазаны қайнаған қаламның жарқын болашағына сенімім зор.  Тарам - тарам өмір жолдары жалғасын таба береді.  Абай салған,  бабаларымыз   салған сара  жол  тәуелсіз қазақ жұрты үшін салиқалы жолға айналды. Арманы асқақ, ойы озық, данышпан қазақ елі адам баласының ой – санасыныңдамуының шырқау шегіне жеткен  шақта да әлемдік дамудың көшінен қалар емес. Айдай әлемге қазақтың атын жария етіп жатқан білім, ғылым, техника, спорт, мәдениет жетістіктері  аз емес. Кез – келген  мемлекеттің басты капиталы – адам. Ата Заңымызда адам және оның қоғамдағы құқықтары жөнінде алтын әріптермен айқын көрсетілген.
Абай  жолы - Қазақстан жолы. Дананың ізі қалған мекен жайнай береді...

Хамитов Дастан,
Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы,
 Шар қаласы «Абай атындағы мектеп-балабақша кешені» КММ,
9 сынып оқушысы

  • Digg
  • Del.icio.us
  • StumbleUpon
  • Reddit
  • RSS

0 коммент.:

Отправить комментарий

Back to TOP