Технологии Blogger.
RSS

Отан сүйген ер еді

Балалық шағым. Мектеп қабырғасында оқып жүрген біздер үшін әрбір мейрам қызықты, әсерлі еді. Соның  бірі – «9-мамыр Жеңіс күні». Неге? Себебі бұл күн – күңіренген далаға жылулық, соғысты көрген ата-бабаларымыздың жүрегіне қуаныш, ал бізге жарқын болашақ сыйлаған күн.
Дәл осы күні біз Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен  кездесу өткізетінбіз. Сол ардагерлердің ішіндегі оң аяғы тізеден жоғары кесілген, қол арбада отыратын атамыздың бейнесі ұмытылмай бала жүрегімде жылдан-жылға қалып қоя беретін. Неге екенін білмеймін? Әйтеуір, сұм соғысты ойласам болды, орта бойлы, кең майдайлы, жарқын жүзді атамыздың бейнесі көз алдыма келе беретін. Ол атамыз – Шымыров Есімбек Шымырұлы болатын.
Көшкен бұлттай жылдар сырғып өте барды. Студенттік шақты өткеріп, үлкен бір әулеттің келіні атандым. Яғни Есімбек ата әулетінің немере келіні болдым. Иә, бала күнімдегі жадымда қалып қойған атаның, батыр атаның келіні! Осы сөзді айтқанымның өзі мен үшін мақтаныш. Алайда мен бұл әулетке аяқ басқанымда атамыз бақилық болып кеткен еді. Ол кісіні көрмегендіктен мен бұл естелікті ұрпақтарынан жинаған мәліметім  бойынша жазып отырмын.
Шымыров Есімбек -1916 жылы Қошқар- Кусақ өңірінде дүниеге келген. Қазірде  Қарағанды облысы, Шет ауданы, Шұбартау совхозына қарасты елді мекен. Туы төленгіт - дейіт.
Әкесі Шымыр Әникеұлы өз заманында өте беделді, қадірлі адам болған. Оның  бір дәлелі өз туған жерінде «Шымыр төбе», «Шымыр қыстақ», «Шымырдың қара суы» деген жер атаулары әлі күнге дейін сақталып қалған.
Қара шаңырақтың иесі, үйдің кенжесі болған Есімбек атамыз алты ағайынды болған.
1929 жылғы жұттың қиыншылығы мен заман ағымының солақай  саясатына байланысты 1930-1931 жылдағы ауыртпалықтың тұспа-тұс келуінен елдің тоз-тоз болып бытырап жан-жаққа қоныс аударғаны бәрімізге аян. Иә, дәл осы 1929 жылы нашар жатқан Шымыр атамызды ұлдары қол арбаға салып, қазіргі Аягөз ауданы, Байқошқар ауылына алып келген. Қасиетті жердің топырағы бұйырған атамыздың бейіті қазірде ауылдың дәл іргесінен бой көтерген.
Жоғарыда айтып өткенімдей Есімбек атамыз орта бойлы, жұқа ақсары адам болған екен. Қайда жүрсе де қалжыңын қоймайтын, айналасындағыларды күлкіге қарық қылдыратын, барған жерін ойын-сауық, той-думанға ұластыратын ер көңілді адам болған деседі. Домбырамен ән айтатын өнері, жиындарда суырып салып айтысатын ерекше қасиеті бар болған. Тіпті 1938 жылы А.С.Пушкиннің «Тас мейман» пьесасындағы басты роль Дон Жуанның рөлін сомдаған. Бұл туралы Бауов Сейсембайдың «Менің Шұбартауым» деген кітабында « Тас мейман» атты мақаласы жарияланған. Онда атам туралы тебірене жазып, ой толғаған. Атамның колхоздың маңдай алды белсенді жастарының бірі болғаны, жұмысты бір кісідей атқарғаны, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқаны жазылған.
Атамыз Есімбек Шымыров 1939 жылы әскер қатарына алынып, Қиыр Шығысқа әскери борышын өтеуге аттанады. Кенеттен соғыс басталып,қан майданға жол тартады. 1943-1944 жылдарда  II Украин  майданында болып, зенит батериясында атқыштың көмекшісі болып соғысқан. Қырғын соғыста Румыния жерінде 1944 жылы жараланып, бір аяғынан айырылған екен. Тбилисидегі гоститальда 1945 жылдың 17 ақпанына дейін емделген атамыз елге қайтып оралған.
Сол аяғына, беліне тиген снаряд жарақаттарына, оң аяғын кестіріп, мүгедек болғанына қарамастан атамыз қолынан келген жұмыстың  бәрін атқарған. Алғашқыда дүкенде сатушы болған. Кейіннен мал дәрігерінің көмекшісі, санитарлық қызметті атқарған . Ал кейінгі жылдары мал  өнімдерін  дайындайтын мекемеде шикізат дайындап, өткізуші болып жұмыс істеген. Осындай қиын-қыстау заманда, жоқтық заманында өз ағаларының балаларын, бауырларын бағып-қағып өсіріп, ел қатарына қосқан. Бұл да болса атамыздың кеңпейілді, бауырмал болғандығының дәлелі.
Соғыстан оралған соң апамыз Өсімбекова Бибіжанмен бас қосып,
5 ұл, 3 қыз тәрбиелеген. Бибіжан апамыз да берекелі мейірбан жан болған.
Алғашқыда совхозда  сауыншы болып, кейіннен балабақшада завхоз болып қызмет  атқарған.
Иә, атамыз соғыс және еңбек ардагері атанып,  халықтың сүйіспеншілігі мен  құрметіне бөленіп, көптің үлгі тұтар адамына айналды. I дәрежелі Отан соғысы орденімен, Ерлігі үшін, Германияны жеңгені үшін, Тың игергені үшін, Әскери еңбегі үшін, Еңбек ардагері және тағы басқа медальдармен наградталған.
Атамыз 2006 жылдың мамыр айының 9- жұлдызында тура 90 жасында көз жұмды. Иә, бұл да бір Алланың жазған сәйкестігі болар. Жеңіс мейрамының 61 жылдығын тойлап жатқанымызда атамыз о дүниеге аттанды.
Иә , ұрпақты адам өлмейді,өйткені оның атын өшірмейтін, ізін жалғастырушы тұяғы бар. Қазірде бұл кісілердің артында 28 немере, 14 шөбере бар. Балаларының  бәрі жоғары білімді, үлкен қызметтерде жұмыс істейді.
Мен осы зерттеу барысында атамыздың өте ақылды, адамгершілігі мол, жігерлі және ең бастысы патриот адам болғанына толықтай көзім жетті. Сондықтан да мен атамды « өлке тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі» деп санаймын. Кейінгі Отан сүйгіш жастар тарихта осындай ұлы тұлғаның бар болғанын біліп, ұмытпай есте сақтап жүрсе екен деймін. Сол себепті атам жайында ізденіп, зерттеп естелік жазу келіндік міндетімнің бірі болар деп санадым. Атамның өшпес ерлігінің алдында басымды иіп, осы естелігімді, яғни өз ойымды аяқтағым келеді.
Сұм соғыстың тарихы
Көз алдымда көрініс,
Елестеттім сұм сұрапыл соғысты.
Бір алапат ібіліс
Бізге қарай бастап кетті жорықты.
Таң алаулап атқанда,
Суыт хабар радиодан тарады.
Шырт ұйқыда жатқандар
Мең-зең күйде, жүрек тулап барады.
«Алға!» деген ұранмен,
Кәрі-жасы аттанады майданға.
Арттағы ел жылаумен
Күтіп жүрді, жүректерін қайрауда!
Аз болмады жауынгерлер,
Көкірегін оққа қарсы тосатын.
Отан сүйген жалынды ерлер
Ерлігімен жаудың бетін басатын.
Қан майданда жан тапсырып
Ерлікпенен қаза тапты талай жан
Қулықпенен сан қаптырып
Фашистер жүр ойда-қырда сан алуан.
Қара қағаз қан жылатты
 Опат болған жауынгердің туысын
Суық жылдар сырғып ақты
Тарылтумен жер мен көктің тынысын.
Танкілер жүр жалмап бәрін
Жер дүниені күңірентіп жаңғыртып.
Зеңбіректің улы оқтары
 Тастағандай тау мен тасты мәңгіртіп.
Жүректерін тас қып алды
Мейірім мен аяушылық болмады.
Жеңу үшін азғындарды
Жігерленіп фашистерді жалмады.
Қырық  бестің  сәуірі мен мамыры
Рейхстагқа Жеңіс туы тігілді
Жеңді міне фашистерді ақыры
Жау тізесі біздің жаққа бүгілді
Бастан кешкен қайғы менен азапты
Бостандыққа қолы жетті халқымның
Бүгін міне күн арайлы азатты
Азаттықтан құны төмен алтынның.
Шәкәрім ата – ұлы ата
Ойшыл да ұлы ғұлама,
Шәкәрім ақын атамыз.
Өлкеден шыққан ұлы адам
Әлемге мәлім, аты аңыз.
Ағартушысы халықтың,
Нәр алдың Шыңғыс жерінен.
Ұрпағы болып алыптың
Құнанбай ата тегінен.
Інісі ұлы Абайдың,
Қаныңда бар ғой даналық.
Меңгердің тілдің талайын
Ашқансың небір жаңалық.
Меккеге сапар шеккенсің,
Шәкәрім қажы атандың.
Өшпейтін мұра еккенсің,
Мәңгілік есте сақталдың.
Азғындар түсіп соңыңнан,
Тап болдың үлкен сұмдыққа.
Көз жұмып жаудың оғынан
Тасталды денең құдыққа.
Данасың, ата, дарасың,
Туғансың қазақ елі үшін.
Жүректен оттай жанатын,
Жыр арнадым сен үшін.


Мухметова Балнур Нурсултановна, 
Байқошқар ауылы

  • Digg
  • Del.icio.us
  • StumbleUpon
  • Reddit
  • RSS

0 коммент.:

Отправить комментарий

Back to TOP