Технологии Blogger.
RSS

Камал

Өнерді құдай сүйген құлына ғана береді-дейді. Алланың сүйген құлдарының бірі Ғабдылкамал Қоңқараев десем артық айтқандық емес. Талабың талантыңнан биік болса,қиындыққа мойымайтын табанды болғанда  ғана жетістікке жетесің. Еңбек - ширатады, өмір - үйретеді-дейді халық даналығы. Еңбек ерлікке жеткізетінін ағамыздың өнегелі өмірінен байқауға болады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында  жас мемлекетіміз де аяғын апыл-тапыл басып келе жатты.Сол кезеңде  біздің өлкеміздің тұрғындары да  көптеген қиындықтарды бастан кешкен екен. Көптеген жұмыс орындары жабылып,жұмыссыздық басталды. Ауылдан көшу көбейіп,шаңырағы ортаға түсе қираған ғимараттар, кешқұрым қорқынышты көрінетін. Көшелер жарықсыз,түнге қарай ауылды қара түнек басатын. Өмірде көптеген өзгерістер болып жатты.Әйелдер ала дорбаларын арқалап Алматыға жол тартты-дейді өз әңгімесінде Камал аға.Ауылдағы қиындықтар тосын шешім қабылдауға  итермелеген болатын. Ол 1994 жылы  Алматыға аттанды. Бірақ, онда құшақ жайып тұрған ешкім жоқ еді. Жұмыс жоқ, баспана табу - қиямет. Мектепте,таныстардың дачасында,жақын адамдардың пәтеріне барып түнеуге тура келді. Еш жерде тіркелмеген, жанашыр танысы жоқ адамға жайлы жұмыс қайда, әр жерде күзетші, аула сыпырушы болып жүріп нан тапты. Шекілдеуік саудалап жүргенде милиция ұстап алып,қолын бұрап тұтқынға алды.Қамауда алқаштар,наркомандар,саудагерлер және еш жерде тіркелмегендермен бірге отырды. 12 сағат абақтыда  болған кезінде қатты намыстанып, күйініп ,зығырданы қайнады. Өмірдің бұл соққысы,күрт шешім қабылдауға түрткі болды. Ресейдің Кострома қаласында әскери борышын өтеп жүргенде офицерлер мен солдаттар арасында аздап сиқырлық өнер көрсететін. Енді ол осы өнердің жолына түсуге белді бекем буды.
Өмір айқас болғанда, мен бір батыр, Тіс қайраймын, өкінсем,шақыр-шақыр!-деп Роберт Бернс айтқандай, қиындыққа мойымай ,нар тәукел!-деп  қиындығы да,қызығы да мол өнер жолына бет бұрды. Бұл Ғабдылкамал ағаның өміріндегі бетбұрыс еді. Түнгі сағат 3-те босатты.Таңертеңінде Абай даңғылындағы Ұлттық кітапханаға жол тартты.Кітапханашы жарты сағатта сиқыр өнері туралы  қажетті кітаптар мен мерзімді басылымдарды үйіп-төгіп  тастады. 1900, 1930, 1960 жылғы сиқыр өнерлері туралы ынта қойып оқыды,әсіресе Вадимовтың кітабына ықыласы түсті. Ол кезде ксерокөшірме жоқ,кітаптардан  конспект жазып алды. 1974 жылы No3 Күршім орта мектебін бітірген соң, Алматыдағы КазПИ-дің көркемсурет-графика факультетіне түсті.Оны тәмамдаған соң , Күршімдегі автобазада суретші болып жұмыс істеген.Енді суретшілік өнердің игілігін көріп,кітаптағы суреттерді салып алды. Иллюзияны игеру үшін 3 айда  60 кітап оқыпты .Сиқыр өнері Египеттен бастап,Қытайға,одан Еуропаға тарапты. Қай ғасырда қандай сиқыршы болғаны туралы да ақпараттар алды. 17 ғасырдағы Норвегияның сиқыршысы Бугингер кемтар болып туған екен. Бойы 70-ақ см, қолы да қысқа, соған қарамастан сиқырды столдың үстінде жасапты.Ол ең бай,ең мықты,атақты сиқыршы болды. 12 мүшесі сау, апталдай азаматқа, әйгілі сиқыршының қайсарлығы үлгі болды,ол жігерлене түсті. Сиқыр өнеріне қажетті заттарға қаржы  жоқ болғандықтан,көп шығынсыз өнер көрсетудің жолдарын тапты. Дүңгіршектерден «Караван»газетін мол ғып сатып алып, оларды жыртып, қайтадан бүтін ғып шығару, жіптер, шыттар, темекі, картамен таңғажайып өнер көрсете бастады.
Өмірде  жақсы адамдар көп қой,фокус өнерін жаңадан меңгеріп жүрсе де, Ғабдылкамалды театр директоры Бауыржан Ибрагимов пен режиссер Марат Сақатов жұмысқа  қабылдайды,суретші жұмысын қоса атқарып, жарнама  жазды. 15-17 метрге дейін ұран жазған кездер болды. Ұжымға қабылданған Камал аталған театрда үш жыл жұмыс істеп,абройлы биіктен көрінді.Оның ізденімпаз,еңбексүйгіштігін бағалап, театр басшылығы оны марапатқа ұсынып, Ғабдылкамал Қоңқараев сол кезде «Қазақстан жастар одағы сыйлығының лауреаты» атағына ие болды.
1998 жылы Қазақ циркіне жұмысқа орналасып,өнерде қанаты қатайып, жалықпай ізденудің арқасында көз байлау өнерін жақсы меңгеріп, бұл саланың  айтулы шеберлерін мойындатты. Шетелдерден ұсыныстар түсе бастайды. Оңтүстік Кореяда  келісімшартпен 6 ай жұмыс істеп,корей жұртын таң қалдырды.Жүктелген міндетті абыроймен атқарып қайтты.
1999 жылы Қытай Халық Республикасының шақыруымен Құлжа қаласында болды, соңынан ішкі Қытайға аттанып, ондағы Гуанчжоу, Шень-жень,сондай-ақ Гонконг шаһарларында талғампаз көрерменнің көңілінен шықты.
2001 жылы Италия шақырды. Ондағы Равенна қаласының маңындағы Миробильяндия курортты саябағында Қазақ циркінің бір топ қызметкерлері үш ай бойы өнер көрсетті.Камал  ағай халықтың арасында трюктер жасады.Көрермен ортасында сиқыр көрсету екінің бірінің қолынан келе бермейді,ол үшін  қолдың ептілігі мен шапшаңдығы қажет.Осы сапарда евро алып қайтып,Алматыдан жақсы жер алды. Алматыдағы Қазақ циркінің арқасында үй салып алды. Сол жылы Германияға барып Ғ.Қоңқараев өзінің кемеліне келген көз байлаушы екендігін тағы бір мәрте дәлелдеп қайтты.
Ол енді Газет жырту,тенгемен,картамен манипуляция жасау,иллюзияны жақсы меңгерген болатын.Суреттегі көгершіндердің тірілуі, көзбен қасықты сындыру, 40х40 жәшіктің ішінде қыздың жоғалуы, жан жақтан қанжар қадалса да,қыздың сол жәшіктен шығуы сияқты адам таң қалатын күрделі  трюктер көрермендерге қатты ұнады.
Ғабдылкамал ағай  2009 жылы  Түркия мемлекетінен шақырту алады. Сөйтіп, ондағы Қайсері, Стамбул, Анталья қалаларында өнер көрсетіп,өнер сүйер қауымды тәнті етеді. Дүниежүзілік иллюзионистер фестивалінде  қатысты.
Біздің жерлесіміз өзінің еңбекқорлығы,алған бетінен қайтпайтын қайсарлығы арқасында осындай дәрежеге жетті. Оны республикалық «Қазақстан», «Хабар» арналары студияларына жиі шақырып, көптеген мәдени-көпшілік шараларға қатыстырып отырады. Ақыл көпке жеткізер,
өнер көкке жеткізер дегендей ақылымен де,өнерімен елді баурап,бұл күнде танымал тұлғаға айналды. Адал еңбекпен қиындықтан тайсалмай сиқыр әлімінің тілін тапқан еңбегі,білімділігі біз сияқты жастарға өнеге.
60 кітапты оқыған соң ,бәрін біліп алдым деп ойлаған ағамыз,режиссерға барғанда, «Калининнің  жасында Онегиннің ролін ойнауға мүлде болмайды» - деп бетін қайтарып тастағанда,жүрексініп қалғаны да рас. Негізі бұл өнерді 4-5 жастан бастайды екен,оқытып бағыт бағдар беретін мұғалім керек.40 жаста атақ алып жұмыстан кетеді екен, ал Камал ағамыз болса 49 жасында талаптың  тұлпарын мініп,дүбірді салды. Оның белгілі суретшілер  Дәлел Әлімжанов, Серік Ботақановпен бірге аудандық мұражайды көркемдегенін күршімдіктер әлі ұмытқан жоқ.Жалпы Күршім ауданының көптеген ғимараттарында Камал аға салған  суреттер әлі де көз тартады. Мәдениет саласында 12 жыл еңбек етті.  1992 жылы No4 Күршім орта мектебіне мұғалім болып орналасып,  үш жыл оқушыларға дәріс берді.
60–ты алқымдап қалса да,мүсіні бұзылмаған,жас көрінеді. Қарапайым болса да,бекзаттығы білініп тұрады. Өмірлік серігі Гүлсара – балалар дәрігері. Әке жолын қуған қызы Гауһар – суретші, жақында өзінің жеке көрмесін ашқан ол «Шабыт» фестиваліне қатысып, өз өнерімен көзге түсті. Ұлы Алмас Көлік және коммуникация академиясын  бітірді,фокус өнерін де меңгерген.
Өмірінің мүлде басқа арнаға түсуіне себепкер болған,баяғы милицияға алғысын білдіруге барған екен,сержантты жұмыстан шығарып жіберіпті.
Жан жары Гүлсараға үйленерде көзбояушылық өнерді бастамақ болған екен,ата-анасы қарсылық білдіріпті. Не Гүлсара, не артистік екеуінің бірін таңда – деген соң,әрине жас жігіт махаббаты таңдап 1984 жылы үйленді. Кейіннен  қарсы болған қайын жұрты өнер құдіретін мойындапты.
Ол өзінің туып-өскен Күршіміне жыл сайын келіп тұрады. Биыл да туған жерге келіп, Мәдениет үйі артистерімен бірге ауылдарды аралап,концертке қатысты. Оны Алматыда Ғабдылкамал Күршім - деп атайды,өйткені шараларға Күршімнің атынан шығып өнер көрсетеді.Көп ізденеді,үнемі ой үстінде жүреді.Ендігі міндеті  ұлттық әуендермен өнер көрсету.Қазақтың игілігіне еңбек еткісі келеді. Онда біздің  домбырадан бастап: бүркіт, сандық, тай қазан, құмай тазы  дейсіз бе, көптеген дүниелер  көрініс табады. Өзге жұртты төл мәдениетімізбен тамсандырсам деген ойы бар. Патриоттық тәрбие ретінде,ұлттық рухты көтеру мақсатында қазақ тарихынан да үзінділер көрсетсем деген ой мазалайды. Сол үшін қазақ тарихын оқып,тарихи кинолар көріп білімін үздіксіз жетілдіріп отырады. Сиқыр мен тарихты,қазақ әуенін,биін  үндестіру үлкен арман. Өнерге жақын күршімдік жастарға тәрбие беруді де ойлайды.Алда ұлы мақсаттар,лайым шығар шыңы,алар  асуы биік болсын. Сүйер ұлың болса, сен оны сүй-деген Абай атамыз,Камал ағамыз да халық сүйіспеншілігіне бөленген. Ол-біздің мақтанышымыз.

  • Digg
  • Del.icio.us
  • StumbleUpon
  • Reddit
  • RSS

0 коммент.:

Отправить комментарий

Back to TOP