Технологии Blogger.
RSS

Ердің атын еңбек шығарады

Шын өнер жайшылықта емес, жан дүниенің қайшылығында туады. Ал дарын - Алланың айрықша мейір-шапағаты түскен пендесіне қиял - ғажайып нұры. Ата күші, Ана сүті, киелі топырақтың жебеуі, өмір сүрген ортасының демеуі,тірліктің тоқсан тарау иірімі, жаныңа жайлы адамдардың мейірімі сол нұр иесін қайталанбас тұлға ғып қалыптастырады. Біздің Марқа өңірінде елдің қамын ойлайтын,елді береке бірлікке шақыратын тұлғалар бар. Сондай асылдарды тілге тиек етер болсақ,аты көпке танылған, Марка өңірінің даңқын шығарып,абыройын асыратын айтулы ұлдарының бірі-Набиолда Салихұлы Кемешев.
Қайсыбір адамдарда ешкімнің еншісіне бұйыра бермейтін арқалы қасиеті болады.Ол-дарын. Бұл қасиет ананың құрсағында жатқанда-ақ дариды,яғни дарын Алланың адамға берген сыйы. Менің ойымша, Набиолда Салихұлы Кемешев осындай дарын иелерінің бірі,мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқан дарабоз дүлдүлі.
Өнер кім көрінгеннің басына қона бермейтін киелі құс тәрізді.Өнерді сүйетіндер өте көп. Алайда өнерге бар ғұмырын арнаған адамдар көп кездесе бермейді. Набиолда аға өнерін өміріне серік еткен өнер тарланы. Набиолда Кемешев "Сегіз қырлы бір сырлы" өнер иесі. Алайда Набиолда ағамыздың бойындағы қырларын санамақ болсақ,бәлкім,сан жетпес-ау. Набиолда аға-әнші,сырнайшы,домбырашы, сазгер, сатирик, ақын,прозашы, шежіреші. Бір адамның бойынан осыншама өнер түрлерін көру таңғаларлық емес пе?
Набиолда ағаның өмірі жайлы тоқтала кетсек. Набиолда Салихұлы Кемешев 1949 жылы 6 сәуірде дуниеге келген. Әкесі Салих он саусағынан өнер тамған ағаш шебері, темірден түйін түйген ұста болған. Ал анасы Күлжихан бесаспап, орнықты, әнші, домбыра тартатын, өнерлі жан болған. Үйінде алты ағайынды. Ата-анасы балаларын бос сөз құр ақылмен емес, өнегелі өмір сүру дағдысымен тәрбиеледі. Ата кәсібін меңгерген Набиолда аға өнерге тым жақын болып өсті, ақын, сазгер, әнші, домбырашы, сырнайшы болды. 1974 жылы Өскемен қаласындағы мұғалімдер даярлайтын институт музыка факультетін,2005 жылы Қазақ Америка еркін университетінің психология факультетін бітірген. Набиолда ағаның жетістіктері өте көп.Набиолда аға Шығыс Қазақстан мемлекететтік университетінің құрметті доценті, Халық аралық''Шабыт'' фестивалінің лауреаты, ШҚО әкімі сыйлығының ''Еңбектегі ерлігі үшін»,''Астананың 10 жылдық''медалдарының иегері, Қазақстан республикасының мәдениет қайраткері. Сексеннен астам ән шығарған сазгер''Жүрекпен сырласу”,”Өмірім өлеңім”атты әндер жинағы, “Ұрпағыма өсиет” атты төрт кітаптың авторы. Ақын, жазушы, сықақ жазу шебері. Оқысаң ойға қалдыратын, терең мағыналы мақал-мәтелдері,нақыл сөздері бар. Мәдениет үйінде жеті бірдей ұжымда ''Халықтық''атағы бар. Қазір Күршім ауданы Теректі ауылының мәдениет үйінің директоры. Набиолда ағаны ерекше ілтипатпен ''Нәбіш аға'' деп атайды. Нәбіш аға: "Бойыңа өнер дарыған екен, оны көпшілікке көрстіп, бағасын алуың, сахна арқылы өз қатарыңа жас таланттарды да тартуың керек''дейді ғой. Осы сәтте ''қашан? қай жерде? қандай жағдайда?’’ деген сұрақтардың тууы да анық қой. Кезінде кеңестік қолдау нәтижесінде Марқа өнерпаздарына Болгарияның, ГДР-дің, Монғолияның, Қытайдың көрермендері қол соққан, бұрынғы Одақтың астанасы-Москва сахнасында да шығып, Қазақстанның Алматы, Шымкент, Көкшетау т.б. қалаларында жұртшылықты тәнті еткен.
Набиолда Кемешев 1991жылы ШҚО делегациясының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты ұлықтауына қатысты. Жақында Нәбіш ағамен сұхбаттасқанда ол кісі былай әңгімелеп берді;''Ол кезде мен ШҚО кеңесінің депутаты болатынмын. Менің өмірімде осы рәсімге қатысуым–үлкен бақыт. Ата-бабамыз дәстүрімен ақ киіздің үстінде тұрып, қолын Конституцтияға қойып ант беруі бізді қатты толқытты.
1989 жылы Марқакөл ауданының 50 жылдық үлкен тойы болып,Алматы қаласында жәрмеңкеге қатыстық. Жәрмеңкеге Елбасының келіп қоныстанатынын білдік. Үлкен кіре берісте Шығыстың ақыны Абаш Кәкенов күтіп тұрды. Бір кезде біздің ауылдың киіз үйінің тұсынан Н.Ә. Назарбаев келе жатыр, кім қарсы алуы керек еді деген сөз шығып, мен ойланбастан домбыраны қағып-қағып жіберіп,тілек-батамды беріп, өлеңдете жөнелткен кезім болатын.
Н.Ә. Назарбаев Марқа жеріне келгенде ипподромда туған інім Қайролдаға кезек беріп, өзім киіз үйге кірерде он шақты шумақпен қарсы алғанмын'', - деді. Набиода аға-қайраткер. Сонау өткен 90-жылдардың соңындағы солақай ықшамдандыру саясатының кезінде телімге түсіп кеткен Марқакөл ауданы, оның орталығы Теректі ауылында аңшылардың қосқа тастап кеткен мылтығы сынды жеке дара қап, әлі күнге сол Алтайдың қиян үкпіріндегі жылтыраған мәдениет пен өнердің жарығын өшірмей, қаламтасын қағыстырып отырған да – Набиолда аға.
Абай атамыз айтқандай;
Әсемпаз болма әрнеге
Өнерпаз болсаң арқалан
Cен де бір кірпіш дүниеге
Кетігін тап та бар, қалан
Әр адамның бақыты-дүниеде өз орнын тауып,кірпіші болып қалана білуі. Осындай бақытқа ие болған адам-Набиолда Салихұлы Кемешев. Набиолда аға осындай дәрежеге еңбекқорлығының арқасында жетіп отыр. Еңбекқорлық кез -келген адамда бола бермейтін қасиет.''Еңбек етсең-емерсің, ерінбесең-жеңерсің''емекші Нәбіш аға бүкіл саналы ғұмырын өнерге арнаған,сол өнер жолында қаншама сындардан өтіп, шыңдалды, мақтанышпен атайтын ''Марқаның марқасқасы'' атанды.
Набиолда аға жайлы көп мақалалар жарық көрді, әлі де ол кісі жайлы жазыла бермек. ''Жақсының жақсысын айт, нұры тасысын'' демей ме халық даналығы. Ендеше, Набиолда ағаға өнердің жанашыр азаматы,қолдаушысы ретінде ''Өнеріңіз өрге жүзсін,табысқа жете беріңіз, Сіздің артыңыздан ерген шәкірттеріңіз көп болсын және шығармашылығыңызды түсінетін оқырман қауымыңыз көп болсын'' деген балалық тілегімді шын жүректен арнағым келеді.

Сабранова Мадина
Күршім ауданы
1 Теректі орта мектебінің
11-сынып оқушысы

  • Digg
  • Del.icio.us
  • StumbleUpon
  • Reddit
  • RSS

0 коммент.:

Отправить комментарий

Back to TOP