Технологии Blogger.
RSS

Алаштың соңғы тұяғы - Қайым Мұхамедханов мұрасының зерттелу жайы

Қайым (Ғабдұлқайым) Мұхамедханов - (5.01.1916 жылы  Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласы қазіргі Жаңасемейде бұрынғы «Заречная слободка» деп аталатын жерде дүниеге келіп, 30.06.2004 жылы  қайтыс болған) қазақ әдебиетіндегі абайтану мектебінің негізін қалаушылардың бірі, шәкәрімтанушы, Шәкәрім шығармаларын алғаш насихаттаушылардың бірі, әрі жарыққа шығарушы, мұхтартанушы, әдебиеттанушы ғалым, жазушы, драматург, аудармашы, текстолог, М. Әуезовтің шәкірті, 1940 жылдан КСРО Жазушылар Одағының мүшесі, Семейдегі Абай мұражайының негізін қалаушы, 1945 жылғы Қазақ КСР мемлекеттік Әнұраны мәтінінің авторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының халықаралық Абай атындағы сыйлығының алғашқы лауреаты, қоғам қайраткері, ақын,  педагог. 
«Әрбір кейінгі ұрпақ өз жолын алдыңғы ұрпақтардың жеткен жерінен бастайды, жақсыдан үйренеді, жаманнан жиренеді. Өзінің алдына қойған міндеттеріне сай, әр кезең өткендегінің қайсыбір қарекетін мансұқ етеді, қайсыбір қарекетін қасиеттеп дамытады», деп ғалым Ш.Елеукенов айтқандай қазақ әдебиетіндегі ұлы тұлғаларының еңбектері, жүріп өткен жолы ұрпақ санасында мәңгі сақталары анық.
Қайым Мұхамедхановтың әкесі Мұхамедхан Сейітқұлұлының шаңырағы зиялылардың бас қосып кездесетін ордасы болды. Ауқатты әке Абай мұрасын қастерлеген. "Айқап”, "Абай”, "Қазақ”, "Шолпан”, "Сана”, "Сарыарқа”, "Таң” сияқты басылымдарды үй кітапханасына алғызып, жан азығы еткен.  сан мәрте көрген. Сондай ахуалда өскен зерек, зейінді бала Қайымның ойы мен сезімі елшіл, отаншыл, қазақшыл болып, табиғи үрдісте қалыптасқан.Бұл жөнінде Қ.Мұхамедханов естелігінде былай дейді: «Әкемнің сол жағалаудағы еңселі шатырлы үйі халқымыздың арғы-бергідегі бетке ұстар қаймақтары  Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Көкбай Жанатайұлы, Иса, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Аймауытов, Қажымұқан Мұңайтпасов,  Халел Ғаббасов, Мұхтар Әуезов, Халел Ғаббасов, Мәннан Тұрғанбаевтар жатып, кеңесетін думанды отау болыпты». Қ.Мұхамедхановтың Алаш қаласы атанған Семей топырағында дүниеге келіп, рухани құнары мол ортада тәрбиеленуі оның биік белестерге көтерілуіне айрықша ықпал етеді. 
Қайым Мұхамдехановтың абайтанудағы соқпағы алашорда ойшылдарымен етене жақын болған әкесі Мұхамедханның әсері мен ықпалынан болар.  Қайым 1916 жылы 5 қаңтарда Семей қаласы, қазіргі Жаңасемейде, бұрынғы «Заречная слободка» деп аталатын жерде дүниеге келген. Әкесінің азан шақырып қойған аты Ғабдұлқайым. Бұл кез алашорда зиялыларының Семейге жиналып, қаланың қазақ халқының рухани орталығына айналған кезі еді. Қазақтың атқамінер ел басылары, әдебиет пен өнер қайраткерлерінің дені осы қалада тұратын. Қайымның әкесі Мұхамедхан Сейітқұлұлы (1870-1937) өз заманында көзі ашық, көкірегі ояу әрі ауқатты азамат болған. Сондықтан ұлын 1924 жылы Семей қаласындағы төрт жылдық бастауыш мектепке оқуға береді. Өз халқының ұлттық тарихы мен мәдениетіне ерекше көңіл бөлген зерделі әке «Айқап», «Шора» журналдары, «Қазақ»,  «Дала уалаятының газеті», «Сарыарқа» газеттерін жаздырып алып, өзі де оқып, Қайымның да білімі мен мәдениетінің нәрінен сусындауына мүмкіндік жасайды.
Әр уақытта бала Қайым өзінің әкесінің қасында Мұхтар Әуезов, Көкбай Жанатаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов секілді ірі тұлғалы қазақ арыстарын көріп өсіпті. Осының барлығы кейіннен Қайым Мұхамедхановтың үлкен синкретикалық дарынының кеңінен құлаш жаюына септігін тигізгені аян. Сол жас кезінде бұл үйде Мұхтар Әуезов тұңғыш "Ес аймақ" мәдени үйірмесі қойған сахналық ойындарының репетицияларын өткізіп тұрыпты.
1917-1918 жылдарда М.Әуезов пен Ж.Аймауытов басшылығымен Семей қаласында шығып тұрған «Абай» журналына демеушілік жасап қаржылай көмек көрсетеді. Абай мұраларын жинақтап, ел арасына насихаттап таратуға мұрындық болады.  Сөйтіп ұлы ақынның өлеңдерін Қайымның бойына бала кезден сіңірген рухани ұстазына айналады. Қайымның әкесі Мұхамедханның шаңырағында «Алаш» партиясының көсемі және «Алашорда» үкіметінің басшысы Ә.Бөкейханов, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің ірі тұлғалары А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, М.Әуезов және т.б. көрнекті адамдар қонақта болып, дастарханынан дәм татып, қазақтың келешегі туралы келелі басқосулар өткізіп тұрған. Қазақ зиялыларының аузынан естіген ұлағатты тағылымдары Қайымның қазақ халқына және оның сөз өнеріне деген балалық махаббатын оятып, ұлттық рухани нәрдің болашақ ғалымның жан дүниесіне терең сіңіп, мықтап орнығуына негіз болған алғашқы академиялық  дәрістер еді. 
Бұл турасында ғалым былай деп жазды: «Әкем Уақ руынан, көзі ашық, көңілі ояу, мұсылманша да орысша да сауатты, қолы ашық, кең пейілді момын адам болыпты. Ертеде ұлы Абай төңірегімен аралас-құралас болған. Төңкеріс кезінде Семейден шыға бастаған Алаш үні «Сарыарқа» газеті мен «Абай» журналына меценат ретінде көмек көрсетуі сол ұлы ақын көрсеткен өнеге-тәрбие емес деп кім айтады. Өзіне жетерлік кітапханасы да болды.  Алаш арыстары А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Жұмабаев, М.Тынышбаев, М.Әуезовтермен де қоян-қолтық араласатын».  Үміт күткен баласын тәрбиелеуде барын салған әке Қайымның кемелді азамат болып шығуы  үшін қолынан келгенің бәрін де істеген. Шәкерім, Көкбай ақындарды Семейге  келген кездерінде Мұхаметхан үйіне шақырып қонақасы беріп, құрметтеп отыратын болған.  Әкенің ойлағаны бір ғана Қайының көкірек көзін ашу, ұлылардың тәрбиесіне бейімдеу. Бұл үйдің қабырғаларына әдеби рух сіңісті болған деуге әбден лайық, себебі мұнда бір кездерде ұлы Абай атамыз болған екен, ақын-гуманист, ойшыл-философ Шәкәрім қажы табалдырығын аттағаны мәлім. Жанына жамандық қонбаған бала кезінен бастап ұлтын сүюге, таза өнерге деген махаббатын ояту болғаны түсінікті. Осылай ғалымның  балалық шағы қазақ әлеміндегі біртуар тұлғалардың сөзіне тұлғалардың сөзін тыңдап, әңгімелерін естіп, зиялы ортада өтеді. 
Бала Қайымның  дана болып, «абайтанудың білгірі» атануының  бастауында тұрған алғашқы ұстазы Тұрлықан Хасенұлы  болды. Ол дарынды ақын, жазушы, публицист болды. 1937 жылы жазықсыз жала жабылып,  репрессия құрбаны болды. 1937 жылғы ел басына төнген қатерлі нәубет, М.Сейітқұлұлының отбасында айналып өтпейді. Мұхамедхан 1937 жылы 24 қарашада НКВД органдарымен тұтқынға алынып, 27 қарашадағы УНКВД үштіктің қаулысымен өлім жазасына кесіліп, 2 күні атылған. 
1928 жылы Мұхамедхан отбасы кәмпескеге ілініп, талан-таржыға түсті. Бай, кулак қатарына жатқызылып, үйін тәркіледі. Отбасымен аш, панасыз күйге түсті. Кейінен әке үйі № 20 мектепке айналдырып, тағдырдың ащы әжуасындай Қайым  сол мектептен оқыды. Қат-қабат келген ауыртпалықты бұғанасы бекімеген бала  көтеріп, төзе білді. Ел санасын есеңгірткен азапты жылдар оқуға құштарлығына бұғау болып, ерте жасынан еңбекке араласты. 1932-35 жылдары Семей оқу мекемелерінеде техникалық жұмысшы болып істейді. 1936-37 жылдары пән мұғалімдерін даярлайтын курсты оқып жүріп, мұғалімдер курсында қаражат табу үшін сабақ береді. Семейдің мұрағатында бұл жайлы хаттамалар сақталған.                Бұл жөнінде ғалым: «Әкейді ұстап әкеткен соң мені мектептен шығарды. Ешбір мектеп қабылдамады. Содан күнкөріс қамымен қара жұмысқа түстім. Кейіндеу мұғалімдер институтына түстім»,-деп еске алады.
Қайым әкесі туралы деректі 1990 жылдарға дейін ала алмайды. Бұл ақиқатты куәландыратын Семей қалалық прокуратурасының берген анықтамасы айғақ болады. Анықтама 1992 жылы 3 ақпанда берілген. Онда 1937 жылы 24 қарашада ұсталып, 1937 жылы 2 ақпанда атылғаны айтылып, жерленген жері белгісіз делінген.  1989 жылы 25 сәуірде Мұхамедхан Сейітқұлұлына жабылған жала алынып тасталды.  Қайымның әкесінің көмусіз, атаусыз қалуы оған қатты батса да, ол бар жан-тәнімен әке үмітін ақтауға тырысты. 
Қ.Мұхамедханов 1929-32 жылдары колхоз жастары мектебінде, 1932-35 жылдары әр түрлі мекемелерде техникалық жұмысшы болып істейді. 1938 жылы Семей педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түседі.  Семей педагогикалық институтының филологиялық факультетін бітірген (1941). Семейдегі Абай әдеби мұражайының аға ғылыми қызметкері (1940-41, 1947-51 ж. оның директоры), Қазақстан Жазушылары одағының Семей облысындағы өкілі (1942-47), Семей педагогика институтының аға оқытушысы, доценті, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессоры (1955-90), 1991-95 ж. ҚР ҰҒА М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Абайтану бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері болды.
Қайым Мұхамедханов  саналы өмірін қазақ әдебиеттану ғылымының абайтану саласына арнады.  Абайдың немере інісі Әрхам Кәкітайұлымен бірлесе отырып, мұражайда ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды заттар, қолжазбалар, құжаттарды жинастырады. Бүгінде кемелденіп қорық-мұражайға айналған үйдің ғылыми әдеби ортасының қалыптасу ісі де Қ.Мұхамедхановтың табандылығымен жүзеге асқан. 
«Абай» журналының 70 жылдан соң қайта жарық көруіне, Семейдегі «Алаш арыстары» мұражайының ашылуына Қайым Мұхамедханов  көп еңбек сіңірді. Қайым  Мұхамедхановтың ғылыми зерттеу еңбектері
Қайым Мұхамедхановтың ғылыми-зерттеу еңбектерінің көбі әдеби өлкетану бағытында болды. Қазақ әдебиетінде өлкелік әдебиет тарихының қолға алынып, зерттеле бастауына М.Әуезов ұйытқы болса, Қ.Мұхамедханов өзінің ғылыми шығармашылық жолында үнемі осы бағытты назарда ұстаған ғалым. Оның тарихи шындықты бұрмаламай, деректерді нақтылы дәлелдермен берген мақалалары 400-ден астам. (Ал, жалпы ғылыми еңбектерін есептесек 500-ден асады екен). Мысалы, «Халық ақыны Са¬пар¬ғали Әлімбетов шығармашылығы жайында», «Мақы Шыңғысұлы Уәлиханов – алғашқы кә¬сіби қазақ суретшісі», «Қ.Еркебаев және С.Әлім¬бетов поэмаларындағы азамат соғысының батыр әйелдері Айқыз және Білісай бейнелері», «Тағы да Айқыз туралы», «І.Бораганский»,  «Қаракерей Қабанбай», «Бұқар жырау», «Шешен Сабыржан», «Сабыржан Ғаббасов» және тағы басқа мақа¬лаларындағы тарихи тұлғалар ғалым¬ның көркем шығармаларынан өз орнын алып жатты. Ал, «Абайдың бұрын жарияланбаған өлең¬дері», «Түзелгені қайсы? Түсініктері қай¬сы?», «Қазақ әдебиетінің адал досы», «Саади Ши¬рази», «Құдай деген сөзден құдай сақтасын» жә¬не тағы басқа мақа¬ла¬ларындағы әдеби-танымдық, та¬рихи ой-түйіндер көптеген ғалымдардың бо¬ла¬шақ зерт¬теулерінің ғылыми діңгегіне айналды. Қазақ әдебиеттану ғылымы, абайтану, өл¬келік әдебиеттану, қазақ әдебиетіндегі текстология мәселелерін Қайым Мұхамедханов еңбекте¬рінсіз елестету мүмкін емес . Бұл туралы белгілі әуе¬зовтанушы ғалым Т.Жұртбай өзінің «Қайсар ғалым» (1989, «Жұлдыз») деген мақаласында: «Қ.Мұхамедханов – Абай өлеңдерін жинаушы, Абай мұрасының жазылу, басылу тарихын зерттеген историограф, үш-төрт басылымына тү¬сініктеме жазған библиограф, Абай шығар-маларының дұрыс жазылуын жүйелеген текстолог, Абай және оның ақындық дәстүрі хақында монографиялық еңбек жазған теоретик, сол замандағы қоғамдық қарым-қатынастарды зерт¬теген тарихшы, сол дәуірдегі әдеби нұс¬қа¬ларды, ел аузындағы өлең-жырды, әңгіме-аңыз¬ды қағазға түсірген фольклорист», – деп ба-ға¬лай¬ды. Ғалым ағаға берілген бұл бағадан шы¬ғар¬машылық еңбектерінің сан тарау, сан салалы екенін байқауға болады. Әсіресе, Абай шы¬ғармаларының тарихы мен текстологиясы туралы сөз еткенде, Қ.Мұхамедханов еңбектерін назарда ұстамау мүмкін емес. Мәселен, Абайдың үш поэмасының бірі «Әзім әңгімесі» туралы Қ. Мұ¬хамедханов өз ойын білдіреді. Ол шығарманың Абай қаламынан шықпағаны туралы айтады. Және оған бірнеше дәлелді пікірлер келтіреді де поэма Ырсайдың Ысқағы деген Абай айнала¬сындағы ақындікі дейді. Бірақ, әлі күнге дейін бұл мәселеге үңіле назар аударып, зерттеген ғалымдар жоқ. Мұның өзі абайтануда алынбай жат¬қан белестердің мол екені мен Қ.Мұха-медхановтың ғылыми ой-тұжырымдарының терең де мағыналығын білдіреді. Бұл бір мысал ғана («Абай шығармаларының текстологиясы». 1959ж., 77-бетте). Абай өлеңдерінің текстоло¬гиялық зерттеулерінде де Қ.Мұхамедханов өзінің телегей білімі мен ғалымдық парасатын танытты. Ғалым Абайдың «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Сегіз аяқ», «Қансонарда», «Сап-сап көңі¬лім», т. б. көптеген өлеңдерінің текстологиясымен қатар кімге арналғаны, қайда шыққанының тарихын да нақтылы, тың тұжырымдар арқылы дәлелдейді. Абай өлеңдер жинағының академиялық басылымдарында Қ.Мұхамедханов дайындаған түсініктемелерде де нақтылық пен ғылыми талдаудың жаңа қағидаларын көреміз  .   
Бұл зерттеулер болашақ әдебиет теориясы мен әдебиет тарихын зерттеушілерге дайын зерттеу нысандары деуге болады. Сондай-ақ, ғалым Шәкәрім Құдайбердіұлының да шығарма¬ларының текстологиялық жағынан дұрыс басылуына, өлеңдерінің хронологиялық дұрыс орналасуына арнап бірнеше мақала жазды. Сол мақалаларының өзі бүгінгі шәкәрімтану ғылымының жаңа белесінің тың парақтары болып ашылды.  
Қайым Мұхамедхановтың туған жерінде, Алаш азаматтарының басы қосылып, ел бола¬шағы туралы пікірлескен қасиетті Семей топы¬рағында ғалымды еске алуға арналған іс-шара¬лар өтіп жатыр. Мәселен, № 47 мектепке «Қазақтың қайсар ғалымы» атты ұлы Қанағатпен кездесу кеші өтті. Ғалымның ғылым жолында көрген қиындықтары мен өмірінің қызықты сәттерінен әңгіме өрбітті.  Қазақтың қайсар ұлдарының бірегейі Қайым Мұхамедханов өмірі мен ғылыми қызметі бүгінгі жастарға үлгі, өнеге. Қайым Мұхамедханов еңбегін насихаттау Қайым үшін емес, болашақ жастар үшін керек. 
Қайым Мұхамедханов қазақ әдебиеттану ғылымының текстология саласының қалыптасуына ерекше еңбек сіңірді. Оның Махамбет, Шәкәрім поэзиялары текстологиясына арналған мақалалары, Бұқар жырау, Абай шығармаларының текстологиясын қарастырған мақалалары мен монографиясы жарық көрді. Сондай-ақ ол қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу ісіне қомақты үлес қосты. 
Қазақ ауыз әдебиеті, ежелгі дәуір әдебиеті, жыраулық әдебиет өкілдерінің өмірі мен шығармашылығы, әдеби байланыстары туралы 300-ден астам ғылыми мақалалар жазды. Қайым  шығармаларының тағы бір қыры- оның поэзиясы. Драматургия саласында да қарымды еңбек етіп, көптеген пьесалар жазды. Қайымның «Толқын» (1994), «Майданнан майданға» (1947), «Комиссар Ғаббасов» (1960), «Ер Білісай» (1974) пьесалары көркемдік және тарихи шындықты тұтастай алып, оқиға желісінің өткір құрылуымен ерекшеленеді .
Әзірбайжан драматургі У. Гаджибековтың «Аршин мал алан» (1941), татар жазушысы Ш. Камалдың «Қажы әпенді үйленеді» (1967) пьесаларын, орыс жазушысы Н. Карамзиннің «Бишара Лизасын» қазақ тіліне аударды. 
1916 жылдың қақаған қаңтар айының 5 күні Мұқамедхан отбасында дүниеге келген сәби Қайымның өмір жолында да қақаған кезеңдер аз болған жоқ. Барлық сын сағаттардан жігерлілік, шыдамдылық, көрегенділік, білімдарлық таныта жүріп, аман өтті. Қандай қиын қыстау кезеңде абайтану бағытынан айныған емес. Қазақтың көсемдері мен шешендерін орға айдаған 37-нің құрығы     Қайым ағаны да аз әуреге салмаған еді. Теріс жала жабылып, жалындап тұрған шағында Қайым аға 25 жыл түрменің де дәмін татты. Бірақ, оның бәрі Қайым Мұхамедханұлының өмірге деген көзқарасын, тарих, әдебиет саласындағы ұстанымын өзгерте алған жоқ. Жалпы, ұлылардың сарқыты, ұстаздардың ұстазы атанған Қайым ағаның өмір жолы мен шығармашылық шаруасына кеңірек тоқталмауымыздың бір себебі, ғалым ағаның ерен еңбектерін ұлтжанды оқырмандар тегіс біледі деген сенімдеміз. 
Ол қазақтың Қайымы еді. Жастық шағының қызығы мен қиындығы, қуанышы мен күйініші кезектесіп, жазықсыздан жазықсыз жиырма бес жылға сотталып, алаңсыз әдеби еңбек ету егделік ғұмырының ғана еншісі болған соның өзінде артына аса мол мұра қалдырған ғұлама Қайым аға Мұхамедханов. Әдебиетші, зерттеуші, сыншы, аудармашы ретінде тындырып кеткені қыруар әсіресе, абайтануды, сондай-ақ  Мұхтар Әуезовтың бүкіл өмірін паш етуде төккен тері өлшеусіз. Абай шығармаларының текстологиясын жан-тәнімен тәптіштеп реттеуі, ұлы ақынның мұрагерлері туралы төрт кітап жазып шығаруы - небір үлкен ұжымның да қауқары жетпес шаруа. Қазақ республикасының тұңғыш гимнің авторы болғаны - өз алдына зор мәртебе.
Қайым Мұхамедханұлы – түпнұсқа иесінің ойын тереңіне танып, тебіренге толғайтын шебер аудармашы. Қайым Мұхамедханұлының ұзақ жылдар бойы ғылыми, әдеби шығармашылық және ұстаздық еңбегі жоғары бағаланып, ол КСРО медальдарымен «КСРО халыққа білім беру ісінің үздігі», «Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі» белгілерімен Құрмет грамоталарымен наградталған. Семей қаласының, Абай, Жаңасемей аудандарының құрметті азаматы .
Қайымның әдебиет тарихына қосқан үлесі де салмақты. Соның ішіндегі жыраулар әдебиеті жөніндегі өмірбаяндық зерттеулер мен текстологиялық салыстырулары бұл саладағы көптеген көмескі жайлардың бетін ашып, тың деректер мен соны пікірлер түйіндеуге негіз қалады. Поэмаларының ерекшеліктері Қайым Мұхамедханұлының әдеби мұралары жинақталып, бас-аяғы бүтінделіп, бір арнаға түсірілген жоқ. Баспасөз беттерінде жарық көрген, жанұялық қорында сақталған шығармаларын топтап айналымға енгізу - әдебиеттану ғылымындағы кезек күттірмейтін мәселелердің бірі. Қазірде Қайым Мұхамедханұлының кең көлемді екі шығармасы белгілі: Бірі – «Жамбыл» атты толғауы, екіншісі – «Орындалған өсиет» атты поэмасы. «Жамбыл» атты толғауы 1938 жылы жарық көрді. Абайға арналған «Орындалған өсиет» атты поэмасы баспа жүзінде жарық көрмеген, Абайдың республикалық мәдени-тарихи, әдеби-мемориалды қорық мұражайының қорында сақтаулы. 
«Жамбыл» атты толғаудың басты кейіпкері қазақтың халық ақыны Жамбыл Жабаев. Туынды тақырыптың мазмұны жағынан, негізгі идеясы, көркемдік мақсаты жағынан өнер адамын ашып көрсету, оған деген халық құрметін паш ету. 
Абайға арналған «Орындалған өсиет» поэмасы 1940 жылы жазылған, тақырыптық мазмұны жағынан, негізгі идеясы, көркемдік ерекшелігі жағынан өнер адамын дәріптеу, халқының ақынға деген құрмет мейірін жеткізу. Қайым  Мұхамедхановты ақын ретінде арнайы зерттеуіміздің де себебі осында. 
Жалпы Қайым Мұхамедхановтың өлеңдеріндегі ерекшелік, нені жырласа да қарапайым сөздермен өз ойын бейнелі, әсерлі, мәнерлі жеткізуінде.
Бала кезінен таныс болған Қайым Мұхамедханов ұлы жазушы және ғалым, ірі қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезовпен отбасы достығының эстафетасын әрі қарай  жалғастырып әкетті. Кейіннен осы қаламдас ағасының кеңесімен жігерлі де ізденімпаз жас Ғабдулқайым тынымсыз еңбектің арқасында Абайдың, балалары Ақылбайдың, Мағауияның, Тұрағұлдың, оның замандас шәкірттері Әсеттің, Шәкәрімнің, Әріптің, Көкбайдың және ізбасарлары Ахмет Байтұрсыновтың, Жүсіпбек Аймаутовтың, Міржақып Дулатовтың, Мағжан Жұмабаевтің т.б. өмірі мен шығармашылығын зерттеумен ұқыпты шұғылданды.
1995 жылы «Атамұра» баспасы Қ.Мұхамедхановтың «Абай мұрагерлері» деген атпен ұлы ақынның тоғыз замандас шәкірттері мен ізбасарлары туралы очерктер мен мақалалар енген кітапты он мың данамен жарыққа шығарды.
Өзінің ғылыми-зерттеу еңбектерінде Қайым Мұхамедханов қазақ әдебиетінің шеңберімен ғана шектелген емес. Оның қаламынан Пушкин, Лермонтов, Тарас Шевченко, Әлішер Науаи, Ғабдулла Тоқай, т.б. туралы мақалалар туындады.
Сонымен бірге жас әдебиетші-ғалымның жадынан халық ақындары Төлеу Көбдіков, Сапарғали Әлімбетов, Нұрлыбек Баймұратов, Шәкер Әбенов, Тәңірберген Әміренов тағы басқаларының шығармашылығы тыс қалған жоқ.  
Білімі тек қана қазақ әдебиеті ғана емес, сондай-ақ орыс, батыс Еуропа және шығыс әдебиеті тарихынан толықтырылғаны Мұхамедхановтың әр жанрлық шығармашылығына көп әсерін тигізді.
Фольклор туындыларына байсалды да айнымас қызығушылығы, жыраудың шығармашылығын түбегейлі зерттеуге әкеліп тоғыстырды .
Шәкәрім Құдайбердиев қазақшаға А.С.Пушкиннің «Дубровский», «Метель» шығармаларын өлең сөзбен дастандар түрінде аударғаны белгілі.Осы дәстүрді жалғастырып Мұхамедханов кезінде Н.Карамзиннің «Бедная Лиза» туындысын «Сормаңдай Лиза» деп өлеңмен аударып шықты.
Өткен ғасырдың 40-шы жылдары Абай атындағы Семей облыстық театрдың сахнасына оның аудармасымен Узаир Гаджибековтың «Аршин мал алан» деген сазды комедиясы қойылған еді.
Қайым Мұхамедхановтың «Комиссар Ғаббасов» атты тарихи драмасы Абай атындағы театрдың сахнасында әр түрлі редакциямен еліміздің екі жетекші режиссерлары, Қазақстанның халық артистері Байтен Омаров пен Есмұқан Обаевтің басқаруларымен 1960 және 1980 жылдары екі мәрте қойылды.
Қайым Мұхамедхановтың қазақ әдебиетінің тарихы мен мәдениетін зерттеуге арнаған зерттеу еңбектері мен мақалаларын төмендегідей жіктеп қарастыруға болады:
1.Қазақ ауыз әдебиеті және айтыс ақынадарына байлпнысты сын-зерттеулері («Қаракерей Қабанбай батыр», «Бөгенбай батыр», Орынбай,Шөже,Жанақ, Кемпірбай, Шашубай, Төлеу, Сапарғали, Баймұрат және т.б) 
2.XIX ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармаларын зерттеу мақалалары (Шоқан Уәлиханов, Бұхар жырау, Махамбет Өтемісұлы, Дулат Бабатайұлы, Шернияз, М.Ж. Көпеев).
3.Абай Құнанбаев және оның ақын шәкірттері туралы монографиялары мен ғылыми еңбектері
4.Мұхтар Әуезовтың өмірі мен шығармашылығы жөніндегі мақалалары.
5.Алаш арыстары жөніндегі зерттеу мақалалары (Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, Ы.Мұстамбаев, Т.Хасенов).
6.Қазақ әдебиеті және қоғам қайраткерлері туралы мақалалары (І.Жансүгіров, Ә.Марғұлан, Ж.Шалин, Е.Смайлов, М.Сералин, С.Ғаббасов және т.б.)
7.Шетел жазушылары мен ақындары туралы ғылыми мақалалары мен зерттеулері (И.Крылов, А.Пушкин, Ю.Лермонтов, Л.Толстой, А. Мицкевич, Т.Шевченко, Лу Синь, Ғ.Тоқай, И.Борганский, Х.Файзханов және т.б.)
Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің өсіп өркендеуіне сүбелі үлес қосқан ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері туралы туралы жазған ғалымның зерттеулері мен сын мақалаларын осылай бөліп қарастыру оның ғылыми қарымын тереңірек танып білуге мүмкіндік берді. 
Ғалымның көлемді еңбегі  «Қаракерей Қабанбай батыр» жыры.1945 жылы М.Әуезовтың басшылығымен «Қазақ әдебиеті тарихынан» бірінші томын даярлау қоға алынып, 1948 жылы І томы жарық көргені белгілі. Міне осы кітаптың  «Тарихи жырлар» бөліміне кіретін Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай батырларға арналған халық жырлары туралы мақала жазу Қ.Мұхамедхановқа тапсырылады. Жас-ғалым ұстазының ақыл-кеңесі, нұсқаған бағыты бойынша  «Қаракерей Қабанбай батыр», «Қанжығалы Бөгенбай батыр» жырларының тарихи оқиғасына, көркемдік тіліне зерттеу жұмысын жүргізіп, әдеби талдау жасап академияға тапсырады. Бірақ бұл мақалалар түрлі идеологиялық кедергілермен жинаққа енбеді. Ғалым себебін: «Қаракерей Қабанбай батыр» да, «Қанжығалы Бөгенбай батыр» да әдебиет тарихы кітабына кіргізілмепті.
- Кейінірек:  «Бұл қалай?» -деп Мұхаңанан сұрап едім:
- Қайтесің. Қалай дерің бар ма? Жоғарғы орындағылар сенің Қабанбайыңды да, Бөгенбайыңды да тарихқа кіргізіп дәріптеу керек емес деп тапты. Болды, деп қысқа қайырды да қойды»-деп жазды.
1980 жылы Р.Бердібаевтің басшылығымен жарық көрген «Қазақ тарихи жырларының мәселелері» кітабының «18 ғасырдағы тарихи жырлар» деп аталатын І бөлімінде Б.Абылқасымов былай деп жазады: «Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Олжабай туралы шығармалар, бірде батырлық, бірде тарихи жыр санатына қосылып келеді. Кейбір зерттеушілер: «Кейінгі дәуірдің эпостық жыры», «Кенже эпос» атауларын ұсынады.Біз «Қабанбай батыр»-тарихи жыр деп танимыз.Анығында бұл позиция қырықыншы жылдарда-ақ қалыптасқан еді.ССРО Ғылым академиясы Қазақ филиалы даярлаған «Қазақ әдебиеті тарихынан» І томындағы «тарихи жырлар» тарауында «Қабанбай батырға» да орын берілді.
Қырық жылдан астам астам уақыт жарияланбай, шаң басып мұрағат түбінде қалған мақала 1991 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланады.
ЮНЕСКО деңгейінде өтетін болған Абай Құнанбаевтың 150 жылдық мерейтойына байланысты республикалық «Абай» қорының тікелей қатысуымен жетпіс жеті жастағы Қайым Мұхамедханұлы, өзінің барлық күшін жинап салып, ұқыпты дайындап, «Дәуір» баспасынан «Абайдың ақын шәкірттері» деген жалпы атпен 4 кітап шығарды (1993,1994, 1995).
Бүгінде өмірден өзі кеткенімен, жүректен сөзі кетпеген, ғибратты ғұмыры көп қазаққа үлгі. «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған, Азаттық жолында ар үшін қиған жан!» деп Қайым Мұхамедханов небәрі 27 жасында-ақ Кеңестік Қазақ елінің тұңғыш Әнұранын жазды. Ұлы ұстазы Мұхтармен бірге тұңғыш рет абайтану ғылымының негізін қалады. Алаш идеясын ту етіп, өз халқының бақытты жолында басын бәйгеге тіккен азамат. 1951 жылы ол «Абайдың әдеби мектебі» атты диссертациясын қорғап шықты. Алайда, марксизм, ленинизм мектебін ғана мойындайтын кеңес үкіметі «Абай мектебі» бар деген сөзге иланғысы келмей, ол «халық жауы» ретінде 25 жылға сотталып кетті. Бес жылда неше-түрлі сұмдық азаптаулардан өтті. Бірақ, соған қарамастан «Абай мектебі бар және қала бермек» деген ойынан қайтпады
Қазірде оның шәкірттері оның жүрек лүпілін сезеді. Абай атамызды зерттеушілер Қайым жолын қуған. Абай шәкіртерінің өлең шығарып жиналып баспаға шығуы Қайым Мұхамедхановтың үлесі.
Өзі музей, өзі архив, өзі  мектеп – Қайым мұрасының зерттелу жайы
Өлеңнің асыл кеткен жазып, 
Бойға қуат, жанға болған азық.
Қалам алсам қолыма, өлең жазсам,
Алдымда Абай – Темірқазық!-деп 
Қайым Мұхамедханов  бүкіл өмірін Абайдың ақындық айналасына арнаған, зерттеулерін жүргізген. 
1988-89 ж. мерзімді баспасөзде «Ә.Бөкейханов», «М. Жұмабаев», «А. Байтұрсынов», «Ж. Аймауытов», «М. Дулатов», «Шәкәрім» атты ғылыми мәні ерекше мақалалар жариялап, кейін осы зерттеулер негізінде «Абай мұрагерлері» жинағын (1995) жарыққа шығарды. Мұқамедхан қазақ әдебиеттану ғылымының текстология саласының қалыптасуына ерекше еңбек сіңірді. Оның Махамбет, Шәкәрім поэзиялары текстологиясына арналған мақалалары, Бұқар жырау, Абай шығармаларының текстологиясын қарастырған мақалалары мен монографиясы жарық көрді. Сондай-ақ ол қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу ісіне қомақты үлес қосты. Қазақ ауыз әдебиеті, ежелгі дәуір әдебиеті, жыраулық әдебиет өкілдерінің өмірі мен шығармашылығы, әдеби байланыстары туралы 300-ден астам ғылыми мақалалар жазды. Мұхамедхан шығармаларының тағы бір қыры оның поэзиясы. Драматургия саласында да қарымды еңбек етіп, көптеген пьесалар жазды. Мұқамедханның «Толқын» (1994), «Майданнан майданға» (1947), «Комиссар Ғаббасов» (1960), «Ер Білісай» (1974) пьесалары көркемдік және тарихи шындықты тұтастай алып, оқиға желісінің өткір құрылуымен ерекшеленеді.
1916 жылдың қақаған қаңтар айының 5 күні Мұхамедхан отбасында дүниеге келген сәби Қайымның өмір жолында да қақаған кезеңдер аз болған жоқ. Барлық сын сағаттардан жігерлілік, шыдамдылық, көрегенділік, білімдарлық таныта жүріп, аман өтті. Қандай қиын қыстау кезеңде абайтану бағытынан айныған емес. Қазақтың көсемдері мен шешендерін орға айдаған 37-нің құрығы Қайым ағаны да аз әуреге салмаған еді. Теріс жала жабылып, жалындап тұрған шағында Қайым аға 25 жыл түрменің де дәмін татты
Іздемеске келе ме бұл ағаны-
«Бар Семейді жеке алған» ғұламаны.
Қайым десе, кең дала дүбір салып,
Құлағына келеді бұлақ әні.
Үңілгеннің өткенге көзі жетпек,
Надан болсаң кімдерге сөзің өтпек.
Академия бір өзі Семейдегі
Өзі музей,
Өзі архив,
Өзі мектеп – деп  белгілі ақын Несіпбек Айытов «Іздемеске бола ма?» 
атты Қайым Мұхамедхановқа  арнау өлеңін арнаған.   
Алыптардың серігі, алты алаштың ер ұлы, бар ілімі мен тәлімін  академия, музей, архив,  мектепке теңеген Қайым Мұхамедхановтың мұрасы қазір қалай зерттелуде? Осы сұрақ аясында біраз әдебиеттерге шолу жүргіздік.   
Қайым  Мұхамедхановтың зерттеу еңбектерін қазақ зиялылары осыдан 3 жыл бұрын 10 томдық жинаққа басып шығарған болатын. 
Қазіргі уақытта Қайым Мұхамедханов мұрасы жіті зерттелуді қажет ететін  өзекті тақырып болып отыр. Бұл тақырыпта бірнеше ғалымдар қалам тербеген. Олар: 
ЖҰРТБАЙ ТҰРСЫН ҚҰДАКЕЛДІҰЛЫ  (1951 жылы, Семей қаласы,  Абай ауданы, Шаған ауылында туған)-жазушы, абайтанушы, әуезовтанушы, алаштанушы. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті  "Отырар кітапханасы" ғылыми орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор
- «Қайсар ғалым» (1989, «Жұлдыз») деген мақаласында: «Қ.Мұхамедханов – Абай өлеңдерін жинаушы, Абай мұрасының жазылу, басылу тарихын зерттеген историограф, үш-төрт басылымына тү¬сініктеме жазған библиограф, Абай шығар¬маларының дұрыс жазылуын жүйелеген текстолог, Абай және оның ақындық дәстүрі хақында монографиялық еңбек жазған теоретик, сол замандағы қоғамдық қарым-қатынастарды зерт¬теген тарихшы, сол дәуірдегі әдеби нұс¬қа¬ларды, ел аузындағы өлең-жырды, әңгіме-аңыз¬ды қағазға түсірген фольклорист», – деп ба¬ға¬лай¬ды.
- «Қайымның қағидалары» мақаласы // Қазақ әдебиеті, №3, 16 қаңтар 2006 жыл
- Абайдың інісі, Алаштың ірісі // Ертіс өңірі.- 2004.- 23 қыркүйек.26 б.
- Мұхамедханов Қ. Шығармалар жинағы. ІІ том / Жобаның ғылыми жетекшісі, жауапты шығарушы, түсініктер берген: Т. Жұртбай. – Алматы: Алаш, 2005.
- Мұхамедханов Қ. Шығармалар жинағы. ІІІ том / Жобаның ғылыми жетекшісі, жауапты шығарушы, түсініктер берген: Т. Жұртбай. – Алматы: Алаш, 2006.
- Мұхамедханов Қ. Шығармалар жинағы. ІV том / Жобаның ғылыми жетекшісі, жауапты шығарушы, түсініктер берген: Т. Жұртбай. – Алматы: Алаш, 2006.
- Мұхамедханов Қ. Шығармалар жинағы. V том / Жобаның ғылыми жетекшісі, жауапты редактор, баспаға дайындаған: Т.Жұртбай. – Алматы: Ел-Шежіре, 2007. – Т.5. – 344 б.
- Мұхамедханов Қ. Шығармалар жинағы. VІ том / Жобаның ғылыми жетекшісі, жауапты шығарушы, түсініктер берген: Т. Жұртбай. – Алматы: Ел-Шежіре, 2008. – Т.6. – 320 б.
- Мұхамедханов Қ. Шығармалар жинағы. VІІ том / Жобаның ғылыми жетекшісі, жауапты шығарушы, түсініктер берген: Т. Жұртбай. – Алматы: Ел -Шежіре, 2009. – Т.7. – 312 б.
- Мұхамедханов Қ. Шығармалар жинағы. VІІІ том / Жобаның ғылыми жетекшісі, жауапты шығарушы, түсініктер берген: Т. Жұртбай. – Алматы: Ел-Шежіре, 2009. – Т.8. – 320 б. 
- Мұхамедханов Қ. Шығармалар жинағы. ІХ том / Жобаның ғылыми жетекшісі, жауапты шығарушы, түсініктер берген: Т. Жұртбай. – Алматы: Ел-Шежіре, 2010.
- Мұхамедханов Қ. Көп томдық шығармалар жинағы. Т.10. – Алматы, «Ел-шежіре». – 2012. – 384 б. 
ЕСПЕНБЕТОВ  АРАП СІЛӘМҰЛЫ (1945 жылы Семей қаласы, Абай ауданы Қарауыл ауылында туған) - ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР халық ағарту саласының озық қызметкері, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің гуманитарлық заң факультетінің деканы, Қайымның шәкірті /
- «Қайсар ғалым» ( Қ. Мұхамедханов туралы) // Семей таңы.- 17 қаңтар.
ДӘУЛЕТ СЕЙСЕНҰЛЫ /«Егемен Қазақстан» газетінің Семей өңірі бойынша тілшісі/
- Абайға араша, Мұхтармен мұндас: //Егемен Қазақстан.- 1996.-20 ақпан
ЕРБОЛ  ІРГЕБАЙ  /зерттеуші/
- Көптеген ірі ғалымдар Абайтануға үлесін қосты. Бірақ, солардың ішінде ең шоқтығы биік тұлға-ол Қайым Мұхамедханов. Оның ең алғаш қорғаған диссертациясы 1951 жылғы «Абайдың ақындық мектебі» деп аталады.
АЛМАХАН  МҰХАМЕТҚАЛИҚЫЗЫ  /ақын, Қазақстан Жазушылар  Одағының мүшесі, «Абайтану» орталығының  директоры/
- «Абайтану және Қайым Мұхамедханов» мақаласы-«Қайым Мұхамедқанов арқылы Абайдың өлеңдерінің дұрыс жазылуы, текстологиялық өзгерістері, Абайдың қай өлеңі түпнұсқада қандай еді? Бізге қалай жетті? Соның бәрін ғұмыр бойы зерттеген Қайым Мұхамедханов бізге баға жетпес құндылықтар қалдырды»
МЕЙІР ҒАРИПОЛЛАҰЛЫ ЕСКЕНДІРОВ (1972 ж. 24 қарашада Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылында туған)- СМПИ ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қайым Мұхамедхановтың шәкірті.
- «Қайым шығармашылығы – қазақ жұртының киелі қазынасы» атты мақаласы;
БАУЫРЖАН АМАНГЕЛДІҰЛЫ ЕРДЕНБЕКОВ (Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің қазақ тілі кафедра меңгерушісі, филология ғылымының докторы, профессор) 
- «Абай мектебі және Қайым Мұхамедханов» мақаласы;  
ҚИНАЯТ ШАЯХМЕТҰЛЫ (СМПИ филология ғылымының кандидаты, профессор, Қайым Мұхамедхановтың шәкірті) 
ЖАНДОС МАҒАЗБЕКҰЛЫ ӘУБӘКІР (Абай мұражайының директоры, әдебиетші-ғалым)  
- «Көкбай және Қайым Мұхамедханов» мақаласы; 
САЙЛАУ ҚОЖАҒҰЛ-Қайымның шәкірті,  
-«Қайым Мұхамедханов және Абай мұрасының мәтінтану мәселелері» мақаласы;
АЙГҮЛ СЕРІКҚЫЗЫ ІСМАҚОВА (филология ғылымының докторы, профессор) 
- «Қайым Мұхамедхановтың тәуелсіз кезіндегі абайтануға қосқан үлесі» мақаласы; 
- Абай текстологы Қайым Мұхамедханұлының ғылыми түсініктемелері жөнінде // Қ. Мұхамедханов Абайдың шығармаларына ғылыми түсініктер. – Алматы: Общественный фонд Центробразования и культуры имени Каюма Мухамедханова, 2009. - 227c.
АЛЛА БЕЛЯКИНА 
- «Человек – легенда» кітабы. Алматы 2009 ж.
Ғарифолла Есім - ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.  «Әдебиетте мәдениет алатын орны екі мәселеде. Бірінші , «ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деген гимн авторы. Екіншіден, Абайдың мұрасын зерттеуге келгенде, бұл кісіге тең адам таба алмаймын!» 
Дина Қайымқызы және «Қайым Мұхамедханов атындағы Мәдениет және білім» қоғамдық қоры ұсынған мұрағат құжаттары мен деректерге негізделген Қайым Мұхамедханов туралы кітапты жариялай бастаақ.
- Қ.Мұхаммедханов. Абайдың әдебиет мектебі (Диссертациялық кеңес стенограммасы)
ТӨКЕН  ИБРАГИМОВ –әдебиетші, ғалым, абайтанушы.
- Музеймен бірге мұраты( Қ. Мұқамедхановқа 70 жыл) // Семей таңы.- 1986.- 17қаңтар.
- Абай мектебінің оқытушысы // Семей таңы.- 1996.- 16 қаңтар.
КӘМЕН ОРАЗАЛИН -жазушы
Ұстаз өркені. // Семейтаңы.-1986.-17 қаңтар
МҰРАТ  РАХЫМЖАНҰЛЫ  СҰЛТАНБЕКОВ-әдебиет зерттеушісі шәкірті Қазақстан Республикасының жазушылар одағының мүшесі, ақын, аудармашы  
«Жұлдызға апаратын жол..» //Семей таңы. - 2011. -11 қаңтар. - 3 б.
- Қайымның бізге қалған мұрасын зертеуде Қайымның шәкірті болған   филология ғылымдарының докторы, профессор  Арап Сіләмұлы Еспенбетов бастауымен қорғалған Қазақ инновациялық гуманитарлық –заң университетінің доценті Ақмарал Смағұлованың  кандидаттық  дисертациясын айтуға болады.  Бұл диссертацияда  ғалым  шығармашылығы жан жақты, барлық қырынан  талданған. - Мұхамедханов және Абай мұражайы // Семей таңы. - 2009. - 18 маусым.
Сонымен қатар, ШҚО сәулет-этнографиялық және  табиғи-ландшафттық   мұражай-қорығының маманы Әсел Карчалованың ғылыми-зерттеу жұмысы «Оралхан Бөкей және Қайым Мұхаметханов шығармашылығы» тақырыбындағы зерттеу жұмысында Қайым Мұхамедханов жайлы жақсы жазылған. Әсел Карчалова «Бақыт дегеніміз – еркіндік» атты мақаласы Қайым Мұхаметхановтың азапты күндерінен сыр шерте отырып, Қайым Мұхаметхановта 800-ден астам жарияланымдары бар, олардың ішінде: монографиялар, қорғалған диссертациялар, ғылыми зерттеулер, кітаптар. Ол 100-ден астам өлең жазып қана қоймай, өзге тілдерден қазақ тіліне де аударған  деп жазады. 
Қайым Мұхаметханов есімі абайтанушы ретінде жылдан-жылға маңызын жоймай келеді. 2008 жылы Алматы қаласында «Қ.Мұхаметханов атындағы білім беру және мәдени орталық» атымен қоғамдық қор құрылды. Оның директоры абайтанушының қызы – Дина Мұхаметханова. Қордың басты мақсаты – Қ.Мұхаметхановтың мәдени мұрасын сақтау.
ШҚО сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық мұражай-қорығының сирек қор және икон жазу бөлімі 2003 жылдан бері Шығыс қазақстандық  қазақ жазушылары жайлы материал жинау жұмысын жүйелі де мақсатты түрде жүргізіп келеді. Мұражай қорында Қ.Мұхаметхановтың ғылыми шығармашылығы жайлы өзінің қатысуымен түсірілген қызықты бейнефильмдерден тұратын DVD-дискі сақталған. Жазба «Хабар» АҚ телеарнасында да берілген. Бейнефильмге продюссерлік еткен осы телеарнаның қызметкері, Қ.Мұхаметхановтың ұлы – Жәнібек Мұхаметхан. Апайлы-сіңлілі Дина мен Розаның жіберген мемориалды заттары: дәрістер жазылған дәптер мен Қазақстан Жазушылар Одағының IV съезінің Делегат қатысушыларының мандаты. Жанұя мұрағатының жоғары сапалы фотосурет көшірмесі де сыйға  тартылды. Ғалымның Семей қаласында тұратын ұлдары – Болат пен Қанағат жазушының мемориалды киімдер топтамасын: жақсы сақталған жейде, шапан, костюм, малақай, туфлиі мен түрлі корреспонденттерге жазған хаттарының түпнұсқаларын  мұражайға сыйлаған. Қызықты экспонаттардың бірі - Қ.Мұхаметхановтың Н.С.Хрущевке жазған хаты. Бір кездері ол Шәкерімнің ұлы Ахатқа осы хатты жазуға көмектескен еді. Хатта Ахат КОКП ОК хатшысы Н.С.Хрущевке жазушы, философ, ХХ ғасырдың 30-жылдары репрессияға ұшыраған әкесі – Шәкерім Құдайбердіұлының шығармаларын қазақ әдебиетінде қайта жаңғырту жөніндегі өтініші еді. Ол мұны Шәкерімнің ұлы ретінде емес, Шәкерім шығармаларының қазақ халқы үшін маңызды екенін білетін ұстаз ретінде айтты. Хат 1964 жылы жазылып, ХХ ғасырдың соңында ғана шешімін тапқан екен. 
Елбасымыздың «100 мектеп, 100 аурухана» бастамасымен салынған мектебімізде 1600 бала оқиды. Мектеп директоры А.С.Қайрановтың бастамасымен биыл  мектепте Қайым Мұхамедханов атындағы дәрісхана ашылды. Дәрісханаға  Қайымның ұлы  Қанағат «Әкеміздің өмірлік ұстанымдары мен тәлім-тағылымдары арқылы шәкірттеріңіз биікке өрлей берсін!» деген тілекпен ескерткішке әкесі жайлы жазылған  біраз кітаптар сыйға тартты. 
Оның бар мұрасы - үлкен институт. Абайтану, шәкәрімтану, мұхтартану және қайымтану - бір-бірімен логикалық және тарихи тұрғыда байланысқан, ажырамас мәдени кеңістік болып табылады. Біздер, бізден кейінгі жас ұрпақ ұлы тұлғалар ілімін сақтап, аялап, толыққанды зерттеп, білімге енгізуіміз керек",
 Зерттеу жұмысын жүргізу барысында «Қайым оқуларын», «Қайым – абайтанушы» конференцияларын өткіздік. Алдағы мақсат: Қайым мұраларын жинақтау, шығармашылығымен  оқушыларды таныстыру,  зерттеу жұмыстарын жүргізу.  
Өзіндік зерттеулер
а) Зерттеу жүргізу барысында қаладағы кітапханалар мен №47 мектеп кітапханасының қорында Қайым Мұхамедхановтың қанша кітаптары бар екенін анықтауға тырыстық.
Абай атындағы кітапханада Қайым Мұхамедханов туралы кітаптары бар. Алайда,  саны аз. Оның өзін үстідегі мұрағат бөлімінен ғана таба аласыз екен.  Онда Қайым Мұхамедханов туралы, Карлагтағы тағдыры туралы кітаптарды есептегенде бар – жоғы  14 кітапты құрады. Жеке папкаға жинақталған газет қиындылары, фото-суреттер бар. Оқырмандар залында Қайым Мұхамедхановтың «Абайдың ақын-шәкірттері» атты кітабы баршылық екен.  
Мектепте: 
Қайым Мұхамедхановтың  кітаптарның саны 15.
ә) Болашақ ұрпақ, біз Қайым мұрасын тануымыз үшін ол туралы осы бастан біліп, оқуға тиіспіз. Осы бағытта  Кітапханадан «Қайым Мұхамедханов тақырыбында қанша бала ізденеді, қанша бала оқып – білгісі келеді?» деген сұрақ туындап статистикалық мәліметтер жүргіздік. Кітапханадағы барлық оқырман саны 1628 оқырман. Соның ішінде Қайым Мұхамедханов тақырыбында  кітап алғандар  252 оқырман.

Оқырмандар саны
1628
100 %
Қайым мұрасын оқушылар
252
15 %
Оқымайтындар
1376
85%

Иә, көрсеткшітер саны өте төмен. 
Оқушылардың көбінің ғаламтор жүйесіне ойысқан деп алдаусыратсақ та, бұл өте төмен көрсеткіштер екені даусыз. 
№2. «Қайым  Мұхамедханов  туралы  не  білесің?”  деген  сұрақ  аясында мектептегі  950  респонденттен   сауалнамамызды алдық. Жүргізілген  сауалнама  көрсеткіші   


Рейтинг көрсеткіші бойынша  респонденттердің 62%-ы  «Қайым Мұхамедханов туралы не білесің?” деген  сұраққа «абайтанушы» деп  жауап берді.                         
Нәтижесінде, респонденттер қауымы  Қайым Мұхамедхановты-абайтанушы ретінде танитындықтары анықталды.   
№3 Қазір Алматы мен Семей қаласында Қайым Мұхамедханов атында көше бар. Респонденттерге «№47 мектепке Қайым Мұхамедхановтың атын беру»  туралы сұрақ қойылды.      
Нәтижесінде, респонденттер қауымы  № 47 мектепке Қайым Мұхамедхановтың атын берсе деген ойда екені анықталды. Мектебімізге Қайым Мұхамедхановтың  аты  берілсе, қазақтың қайсар ғалымы - Қайым туралы  келер  ұрпақтың  ой - санасына сіңіп өсері анық деген пікір айтылды.    
Ғаламтордың өзінен Қайым Мұхамедханов туралы деректер аз, оның өзі қайталанып келеді. Осыған қарап Қайым мұрасын әлі де зерттеуді қажет ететіні байқалады.  
Сол себепті, осы олқылықтарды жою үшін өз ұсыныстарымда ұсынамын:
1. Қайым Мұхамедханов туралы оқушыларды ғылыми зерттеу бағытында ізденуге шақыру, Қарлагтағы тағдыры, Алаш қайраткеллері туралы зерттеу еңбектері, өлеңдері жайлы зерттеу жүргізу; 
2. Қайым Мұхамедханов туралы  әлі де іздену зерттеу насихаттау жұмыстарын  баспасөз арқылы жүзеге асыру; 
3. Ұлттық патриоттық сезімді бала бойында отбасынан бастап қалыптастыру жолдарын қарастыру;
4. Қайымтану курстарын ашу:
5. Мектеп мұражайында Алаш қозғалысы тарихы, Қайым Мұхамедханов туралы мәліметтерді жинақтап, сұрыптау, насихаттау; 
6. Қайым оқуларын  жоғары сынып аралығында өткізіп отыру: 
7. Қ.Мұхамедхановтың еңбектерін мектеп кітапханаларында санын көбейту, оған әр түрлі іс-шаралар арқылы оқырман қауымын қызықтыру; 
8.  Қ.Мұхамедханов  атындағы дәрісхананы құру, оны  жаңа технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықтау.
9. Қ.Мұхамедхановтың атына №47 мектептің атын беру туралы мәселе көтеру
10. Қайым оқуларын,  конференцияларын өткізу
Саналы ғұмырында атақ үшін емес, ұлы Абай үшін қатал заманның қағидаларына мойынсұнбай азаматтығын сақтай білген, өткен ғасырдың ары, бүгіннің заңына айналған адам Қайым Мұхамедханұлы. 
Қазақтың қайсар ұлдарының бірегейі -  Қайым Мұхамедханов мұрасы бүгінгі жастарға үлгі, өнеге. Қайым  мұрасы - аса ыждахатты зерттеуді қажет ететін өзекті тақырып. Бұл тақырыпта бірнеше ғалымдар қалам тербеген. Әлі де ашылмаған тұстары бар екенін бәрі де баса айтады. Оның еншісін ұрпаққа қалдырады. 2011 жылдан бастап ҚАЗИГЗУ-да «Қайым-абайтанушы» конференциялары  ұйымдастырылып келеді. Жоғары оқу орындарында дөңгелек үстелдер өтуде. 
Ұрпақ өзінің ұлттық мәдениетін жандандыру тұсында, Қайымның асыл шығармаларын оқып, оқып қана қоймай, терең сырлы құпиясын ашып, оның адалдық, азаматтық, жайында жазған шығармаларына тереңнен бойлау, өзіндік талдау жасау, іздену- біздің міндетіміз. Жан-жақты дамыған жеке тұлға боламыз десек  ұлттық рухани тәрбие берерлік, патриоттық, адамилық қасиетке бай шығармалары бар Қайым шығармаларын оқиық. 
Келешек ұрпақ, біз сіздерді Абайды зерттеген Қайымның шығармалары мен әңгімелерін сүйсіне оқып тыңдауға шақырамын. Бұл біздің міндетіміз және парызымыз сынды. «Жеті атасын білмеген, жетесіз демекші» елі үшін күресіп, Абайдай ұлыны дәріптеп өткен ұлыларды ардақтай білейік. Келешек жастар Абайды, Қайым сияқты ұлы тұлғаларды  басқа да қазақ зиялы қауымын білмей жүрмейік! 
Қайым Мұхамедханов өмір бойы Абай өлеңдерінің дәлдігін қадағалап, қолынан келгенше бір әріпінің бұрмалануына жол бермеуге тырысты.  Қайым мұрасының зерттелуі заман ауысып, уақыт озған сайын қоғамдық ой-санаға ықпал-әсері арта түсіп, өркендеп, дамып отыратын асыл мұра.

Алибеков Нурбол Толеубекович, Ережепова Аида Сейтжагыпаровна 
Семей қаласы, КММ «№47 жалпы орта білім беретін мектеп»
11-сынып оқушылары

  • Digg
  • Del.icio.us
  • StumbleUpon
  • Reddit
  • RSS

0 коммент.:

Отправить комментарий

Back to TOP