Технологии Blogger.
RSS

Жеңісті жақындатқан жерлестерім – мақтанышым

Мен – жауынгер, білмеген тынымыңды,
Күлкімді де, қидым мен қызығымды.
Өртке су боп себіліп, сенде өрт болдым     
Жеңіс атты арман қып бір ұғымды!
                            Әбу Сәрсенбаев.
Соғыс... Ерлік... Жеңіс... Бұл үш ұғым бір-бірімен тығыз байланысты. Соғыс! Құлаққа түрпідей тиетін, жаныңды жегідей жейтін ауыр әрі суық сөз. Соғыс! Талай жанды қыршынынан қиған, бейбіт халықтың берекесін қашырған қатыгез сөз. Соғыс деген мемлекеттердің арасында болатын қарулы күрес, ұрыс, шайқас. Адамзат тарихында ұзаққа созылған жойқын соғыстар өте көп болған. Солардың бірі – біздің еліміз үшін аса қымбатқа түскен – Ұлы Отан соғысы. 1941 жылы 22 маусымда таңғы сағат төрт шамасында тәтті ұйқыда жатқан бейбіт елді қанқұйлы фашистік Германияның бомба дауысы оятқан еді. Міне, осылайша Германия тарапынан басқыншылық, ал Кеңес халқы үшін әділдік жолындағы Отан қорғау соғысы, яғни, Ұлы Отан соғысы басталды. Соғысқа 1,2 миллионнан астам қазақстандық жауынгер қатысты. Табаны күректей 1418 күнге созылған зұлым соғыс еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін ащы запыран мен қан жұтқызып еді. Осынша уақытқа созылған қайғы, қасірет, азап, қиындық... Соғыс жылдары – ерлер майданға аттанып, бала – жетім, ана – жесір қалған қатыгез кезең. Соғыс талай арудың қызғалдақтай құлпырған қыз ғұмырын тас-талқан етіп, талай боздақты өз ізін жалғайтын үрім-бұтақсыз қалдырды. Бұл жойқын соғыс мыңдаған сәбидің балғын балалық шағын ұрлады. Әбу Сәрсенбаев атамыз:
                   Жеңіс! Жеңіс! Асқар ғой жеңіс деген!
                   Жас шағымды сыйладым жеңіске мен.
                   Төрт ғасырдай шұбалған бұл төрт жылда,
                   Қасіретуы қалды ма мен ішпеген?! 
– деп адамзат басына түскен нәубетті жыр жолдарына сыйғызған екен.

Майдангерлер ауылда

Бізді осы қиындықтан, сол бір қатерлі жылдардан аман алып шыққан бір ғаламат сезім бар. Оның аты – ерлік, батырлық, батылдық және Отанға, туған елге деген сүйіспеншілік еді. Сол уақытта Отанымыздың басқа халықтарымен бірге қазақтың қара домалақ балалары мен қаракөз қыздары қолдарына қару алып, Отанды қорғау үшін майдан даласына аттанды. Ел басына күн туып, ер-азаматтарымыз етігімен су кешкен сұрапыл соғыс жылдарында талай боздақ жандарын шүберекке түйіп, елі үшін кеудесін оққа тосты. От-жалынға оранған майдан даласында олар қас дұшпанмен шайқасып, дала қызыл қанға бөкті. Майдан даласында жауынгерлеріміз бірі қолынан, бірі аяғынан айырылды, енді біреулері жау қолынан опат болып жатты. Таңғы асты бірге ішкен майдандастар түскі аста бірін-бірі таппай қалатын. Әйтсе де, бойларын рух пен намыс кернеген патриоттарымыз от пен оқтың ортасында жүріп, Отан үшін, ұлан-байтақ жер үшін, артында қалған ұрпақ үшін отқа түсіп, ары үшін арпалысты. Қанша азап-бейнет тартса да, бейбіт күннен, жеңістен үміттерін үзбеді.
Сұрапыл соғыс жылдарында қару мен қаламды қатар ұстаған отандастарымыз көп болды. Қазақтың біртуар таланттары – Бауыржан Момышұлы, Әбу Сәрсенбаев, Қасым Қайсенов, Әди Шәріпов, Баубек Бұлқышев, Қасым Аманжолов сынды азаматтар қаруын қанға малса, қаламын сияға малып, ғажап туындылар қалдырды.
Тарбағатай күнгейіне басын төсеп, аяғын Алакөлге салқындатқан менің туған өлкемде Науалы дейтін әсем де бай, жер жәннаты бар. Осы ауылдан да мыңдаған азаматтар соғысқа қатысты. Жеңісті жақындатуға үлесін қосқан сол азаматтардың ішінен ауылға аман-есен оралғандар – Жауғашов Кәрім, Жанұзақов Әміре, Ақылжанов Божан, Мәліков Көбеген, Апсалямов Анарбек, Садықов Есетай, Баймолданов Әбдір, Дүйсекенов Ақаш, Мейірімов Сембай, Мақұлжанов Құрманғали, Мақұлжанов Базаралы аталарымыз бейбіт өмірді өркендетуге де еңбек сіңіріп, өнегелі отбасыларында ата-салтын сыйлайтын, дәстүрге адал ұрпақ қалдырды.
Сұрапыл соғыс кезінде елін аман сақтап қалу жолында көп тер төккен бұл ардагерлеріміздің ұатары қазіргі таңда сиреп кетті. Ал біздің кішкентай ауылымызда ешкім қалмады десе де болады. Бірақ біз олардың есімдерін ешқашан ұмытпаймыз, «Бұл үйде Ұлы Отан соғысының ардагері тұрған» деген белгі-жазу біздің осындай бақытты өміріміздің қорғаны болған жандарды үнемі еске салып тұрады. Осы ардагерлердің арасында бірі де бірегейі, ауыл адамдарының жас-кәрісінің есінен кетпейтін дана да сыйла, батагөй қариямыз болып еді. Ол – менің осы шағын еңбегіме арқау болып отырған Данабек ата Байсалханұлы.
Данабек ата ақынжанды, пейілі кең, айналасына шуақ шашқан, көңілі таза тамаша адам еді. Қазақ поэзиясы – тамырын тереңге тартқан көркемдік дәстүр десек, бүгінгі қазақ әдебиетінің ірі саңлақтары, азулы ақындары дараланып, халық арасынан байыпты бағасын алып жүр. Алапат соғыс жылдарында қаруы мен қаламын қатар ұстаған Данабек ата – замана жайын өлеңге қосқан, ел ішіндегі келеңсіздікке орынды сын айта білген, келешек туралы көрегендікпен ой түйіп, өз тұжырымын еркін жеткізе білген, сөз қасиетін қадір тұтқан абзал азамат. Алдыңғы толқын ақындардың соңын ала келіп, олардан кестелі жыр, өрнекті сөз үйренген Данабек ақсақал өз дәуірінің толғақты тұстарын сөз ете алды. Сонау қар жастанып, мұз төсеніп, от пен оқтың арасында жүрген Ұлы Отан соғысы жылдарында да ол өлеңді өлмес, қайыспас серік ете білген, сол өнерімен де қазақ жауынгерлерінің рухын көтеріп, елге деген сағынышын кестелі жырмен өрнектей білген ұтқыр ақын:
Дейсіңдер, ескі өмірді әңгіме етті,
Дәм татып көріп қайттым талай шетті,
1941 жылы тамыздың алтысында,
Соғысқа бізді-дағы алып кетті, - деп жазыпты.
1941 жылдың 6-тамызында Науалы ауылынан елге тірек болып отырған 60 ер-азамат майдан даласына аттаныпты. Олардың ішінде Данабек ата да бар еді. Сол жылдар турасында Данабек ата:
Бір күнде кетіп едік 60 адам,
Орынын мен олардың қайдан табам? – деп күйіне жырлаған екен.
Сөйтіп, майданға аттанатын жас жауынгер ел-жұртымен қос өзеннің ортасындағы туған жері Науалымен қимай қоштасыпты. Оған мына өлеңі дәлел:
Бойында Науалымның жыңғыл мен тас,
Болады кей жақсының әзілі бас.
Бірге өскен кішкентайдан біте қайнап,
Дос- құрбы, қош, аман бол, кемпір мен шал.
Үлкен тау Тарбағатай асқар белім,
Бес Байыс, тоғыз тума қайран елім,
Бір Құдай айырған соң шарам бар ма?
Сағынам Науалының қоңыр желін.
Осы 60 ер-азамат ауылдан шығып Аягөз қаласына барыпты. Данабек ата жолдастарымен поезға отырып, шығыс жаққа жөнелтіледі. Сол кездегі жүрек толқытқан сезімін Данабек ата төмендегі өлең жолында баяндайды:
Әуелі жетіп келдік Аягөзге,
Жолықтық шойын жолмен тартқан жезге,
Поезға салып алып, жүріп кетті
Басқадай қаратпады ешбір сөзге.
Содан соң жетіп келдік Семейіме,
Семейден қайтамыз ғой демеймін бе?
Білмеймін, қай уақытта ұмытамын
Ел дәмі әлі күнге көмейімде.
Барнауыл, Новосібір горттен өттік,
Қазақша Қызылжарға келіп жеттік,
Қалаға тағы келдік Үркіт деген,
Германның халқы бар ма үркітпеген?
Тамтығын құдай қашан шығартады,
Қояндай жемтік – жемтік бүркіт жеген.
Сол қала маңайында Байкал көлі,
Ішінде қарағайдың оның елі.
Елу үш тескен таудан өттім сонда
Қаз-қатар қатарланып тапқан жері.
Сонан соң Комсомолдың елін көрдік,
Әлемнің жанып тұрған өртін көрдік.
«Уһ!» деп қайғырмаған бір пенде жоқ
Жүректің жанып тұрған дертін көрдік.
Майдан даласында жауға қарсы аттанғандардың тілі мен діні бөлек болғанмен бәрінің мақсаты мен мұраты бір. «Келер ұрпақ қамы үшін!» деп ұрандатқан жауыргерлер қарша бораған оқтан тайсалмай қасқая қарады. Оқ пен оттың ортасында жүрсе де, ауық-ауық әзіл-қалжыңға да көңіл бөліп, өз қатарластарының, елі мен дерін аңсаған сарбаздардың қаяу көңілін жадыратуға тырысыпты ақын ата. Елін сағынған жауынгерлер атаның жалынды жырын оқып, сарғайған сағыныштарын басқандай болады екен. Ол мына төмендегі мазмұндас жырлар еді:
Сағындым Науалымның елін ойлап,
Ата-анам туып-өскен жерін ойлап.
Есімнен жатсам-тұрсам бір кетпейді,
Науалым туып-өскен ауылым еді,,
Қазақтың қара дүрсін қауымы еді,
Ол жерде не нәрсенің бәрі өседі,
Жерінің Найман шалдың тәуірі еді.
Майданда жүргенде қиындыққа мойымаған жігіттер, елден келген хатқа да өлеңмен жауап жазады екен, қолдары қалт етсе, сөз қағыстырып, ой жарыстырыпты. Эльба атты өзеннің бойында болған кезекті бір шайқаста «Ерлігі үшін» деген медальмен марапатталған Данабек ата «Өз елімде өлсем арманым жоқ!» деп, былай жырлаған:
Эльбаның окоптамыз өзенінде,
Жау оғы күндіз-түні кезелуде.
Қаламыз қай арада кім біледі?..
Өлгеннің арманы жоқ өз елінде!
Содан, бірнеше жыл қас дұшпанмен қасқая күрескен қара домалақ жігіттері мен қаракөз арулары майдан даласында оққа ұшып, енді бірі жараланып жатса да, тайсалмастан жауын жаныштаған жас жүрек азат күнге, ұлы жеңіске ұмтылды. Бірде Данабек ата жараланып госпитальға түседі. Көзі ілініп кеткенде, түсіне шешесі Закария ана кіріпті де: «Сен неге жүрсің? Тез үйге қайт, біз сені күтіп жүрміз» депті. Оянып кеткен жауынгер шешесі мен қарындасы Тамашаға деген сарғайған сағынышын сәл де болса басу үшін қолына қағаз-қарындаш алып былай деп өлең-хат жазыпты:
Госпитальда жатып езіліп,
Ойға түсіп желігіп,
Қарындаш-қағаз қолға алдым,
Түсімде шешем көрініп,
«Үйге жүр!» деп ұрсады
«Неге жүрсің желігіп?»,
Қайтардым жауап анама,
Анасы ыстық балаға.
Дәм тартпаса қайтеміз?
Жазудан артық бола ма?
Госпитальда жүрмін, бағынып,
Еттегі түскен жараға.
Үш кісіге сәлем айт:
Үлкен мен кіші, балаға,
Қайтарып жауып хат жазсын
Мен тұрған осы қалаға.
Қайран елімді сағындым
Төрт жыл да өтті арада.
Шешесі түсіне кірген соң бірнеше аптадан кейін Кеңес одағының әскерлері Германия әскерін тізе бүктіріп, Жеңіске жетті. Жауынгерлер 1946 жылы ауылға қайтыпты. Сол жайлы мынадай толғау қалдырыпты:
...Біледі соғыс жайын барлық халық,
Айтайын мен біразын, созбай ғана.
Өзімше білгеніммен әңгіме айттым,
Халыққа бәрі де аян бұл жәйттің,
Әйтеуір аман-есен келдік елге,
Малшынған халық екен қайғы-шерге.
Жоқшылық бір жағынан тағы да бар,
Батып жұмыс істейді қара терге.
Береке ел ішінде сондай мықты,
Білмеген білгендердің сөзін ұқты
«Тірлік бар, бірлік барда» деген мақал
Үш-төрт жылда соның бәрін жеңіп шықты.   
Соғыстан кейінгі жылдары Данабек ата немере-шөбере сүйіп, ауылымыздың ардақты да сыйлы азаматтарының қатарында болды. Бейбіт жылдар ақын атаның шабытына шабыт қосты. «Науалым» атты өлеңін бүгінде әр ауылдасымыз жатқа біледі. Өдеңнің әрбір жолы туған жерге деген сүйіспеншілікке, құрметке толы. Кішкентай кезімізде көрші атамыздың кеудесіндегі күнге шағылысып, көз қарықтыратын орден-медальдарын қолымызбен сипап қызықтаушы едік. Олардың сырын енді түсінгендей болдық. Ауыл балалары қазақтың ұлы даласында туған баяғы дала еркелері сал-серілердің, орақ тілді, от ауызды шешендердің сарқыты осы біздің Данабек атамыз екендігін сезініп жүргендей.
Біздің бейбіт өміріміздің қорғаны болған атамыздан жаңа отау құратын жас-жұбайлар, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанатын бозбалалар мен алысқа жолсапарға шығатын азаматтар – бәрі-бәрі ақ батасын алмай кетпейтін еді. Мектеп оқушылары да мәдени іс-шараларға шақырып, майдан жайлы ертегіге бергісіз әңгімесіне қанығып, ақ батасын алып жүретін. Әр жыл сайын Ұлы Жеңіс күні қарсаңында ақсақалдың үйіне жан-жақтан қонақтар келіп, көнекөз қарияның естеліктерімен бөлісетін. Туған өлке тарихын танып, ел үшін ерлік кешкен, ел мұңын мұңдаған арыстарымыздың өмірін танып-білу, сонымен қатар туған өлке тарихын да, оның аузы дуалы ділмарлары мен шешендерін танып білу, - оларды қадір тұту, өнеге алу – ұрпақ парызы. Толғамалы тоқсаннан асып, жүзді алқымдаған, екі ғасырдың куәсі Данабек ата әдемі қартайып, бірер жыл бұрын ғана дүниеден өткені ауылдастарымыздың көз алдында. Қиын-қыстау кезеңде қару мен қаламды қатар ұстап, жалынды жырларымен қаруластарының рухын көтере білген, жеңіске жетелей білген Данабек ата өмірден өтсе де, біздің осы бейбіт күнге жетіп, Ұлы Жеңістің жетпісінші көктемін Тәуелсіз ел болып қарсы алуымызға қосқан үлесі зор деп білемін. Атамыздың туған жерге деген ыстық сағыныштан, сүйіспеншіліктен туған әрбір өлеңі бізді және келер ұрпақты туған жерді ұлықтай білуге жетелейтіні сөзсіз. 2008 жылы данабек атамыздың көзі тірісінде жиені Жабайхан аға «Қажыды қайғымене қайран көңіл» атты ақын атамыздың жыр жинағын жарыққа шығарды. Бұл кітапқа М.О. Әуезов атындағы Семей Университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Р.М.Мұқажанова пікір жазған. Қазір бұл жинақ Науалы тұрғындарының, әр отбасының үйінің төрінде «Абай жолымен» қатар орын алады. 

Данабек Байсалханов атамыз бен жыр жинағы


Мен Данабек атаның бейнесін жыр алыбы Жамбыл Жабаевқа ұқсатамын да «Науалының Жамбылы» деп бағалаймын. Менің жас жүрегім былай деп жырлайды: Қайран атам, «Науалымның Жамбылы»,
Әр қилы ғой әр адамның тағдыры.
Майданда боп, елің үшін шайқасқан,
Ерлігіңнің ұрпаққа бар тағылымы.
Сағынышпен елге жазған өлеңің,
Жатқа біледі артыңдағы өренің.
Жолыңызды қуар сіздің ақындар, 
Жыр кестелеп, сөзді өрнектеп өреді. 
Қайран атам, ақын атам, саңлағым,
Дана жанды сіздей қайдан табамын?
Топырағыңыз торқа болсын деймін де, 
Гүл шоғымен жыр-өлеңді сыйладым.
Біз, Науалы ауылының ұл қыздары, осындай ержүрек, ақын, дана, патриот атамыздың рухына тағзым етеміз. Жалынды жырларымен ел ауызында қалып, халық жадында мәңгі сақталатын атамызды мақтан етеміз. Оның есімін келер ұрпаққа да үлгі етіп жеткіземіз.
Отты майдан күркірінен алыстағы Қазақстанның қаршадай балалары да үлкендермен бірге тыл майданынының жасампаз ерлігін шыңдады. Олар қолдарына қару орнына кетпен мен күрек ұстады. Еңбек ерлігі, еңбек жеңісі жасөспірім балғындардың тыл майданындағы атқарған ұлан-ғайыр істерінен туындап жатты. Олардың әрқайсысы да ерлік жасау үшін еңбек еткен жоқ. Олар Отанға, Жеңіске берген қолғабыс көмегінен даңқ іздемеді. Ол кісілер – біздің ата-әжелеріміз еді.
Мыңдаған жас боздақтарымызы Жеңіс жолында құрбан болды. Олар жастық дәуренін Жеңіске сыйлады. Қазір, міне, біз де жастық дәуренді бастан кешудеміз. Егер біреу: «Жастығыңды аламын!» - десе, берер ме едік? Ол өмірдегі ең тәтті, ең ғажап, ең керемет шақ емес пе?! Үмітпен ұйықтап, үмітпен оянып, барша бақыт пен арман алда күтіп тұрғандай сезілетін шақ қой ол! Ал ардагерлер осы шақтарын Жеңіске арнады... Еңбектері еш кетпей, «Жеңіс» жалауы да желбіреді. Иә, бұл Жеңіс – осы ерліктің жемісі. Ендеше, ауылымыздағы күмәнсіз батырларды, Жеңіс күнін жақындатқан жандар – ардақты ата-әжелерімізді ардақтай білейік!
Адамзат өмір бойы ірілі-ұсақты көптеген соғыстарды басынан өткерген. Бүгінгі таңда да әлемде ашық, жасырын, саяси, экономикалық, әлеуметтік секілді соғыстардың түр-түрінің болып жатқаны белгілі. Басқа мемлекеттердегі соғыстың лебін сезіне отырып, «Жеріміздің шетін жау баспасын деп, елімізден құт-береке қашпасын деп, найзаға үкі таққан елміз!» деген Қазыбек атамыздың даналық сөздері есіме түседі, сондықтан, Елімді, Отанымды осындай бүліктен Аллам аман сақтасын деп шын жүректен тілеймін!

Маратова Дана Қанатқызы,
Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы,
                                               Науалы ауылы, «Науалы орта мектебі» КММ,
11 «А» сынып оқушысы

  • Digg
  • Del.icio.us
  • StumbleUpon
  • Reddit
  • RSS

0 коммент.:

Отправить комментарий

Back to TOP