Технологии Blogger.
RSS

Сыңсу

Шамамен 4-5 сыныпта оқимын. Ауылымыздың аты ерекше «Социалистік (қазіргі Қарғыба)  деп аталады. Қарғыбаның балығын аулап, бақасын үркітіп түс ауа  шапқылап жүргенбіз. Бір кезде ауылды кесіп өтетін тас жолдан  айқыш-ұйқыш лента тағып, шарлары желбіреген қос жеңіл  машина  көрінді. Зулатқан  бойы көршіміз Қабдолла атаныкіне бұрылды. Сол үйдегі  Жібек апай таяуда тұрмысқа шығатынын естіген болатынбыз. Келген құдалар екендігін  бірден білдік.
Ымырт  үйіріле  маңайдағы  елдің  тайлы-таяғы  қалмай сол үйге ағылды.
Төрде  Жібек  апайдың  қасында  ұяңдау  келген   Жақсылық  жездеміз, оның оң жағында  күйеу жолдас  болып келген  толықтау жігіт отыр. Есімі Сарқытбай екен. Естуімізше «Ждановтікі» (қазіргі  Екпін  ауылы).
Ән қалықтап, жыр шарықтап жатыр. Күйеу жолдас  «сұмдық» әнші екен.
                              Ат шылбыр  тоқым мінгенім,
                             Салқын  бір жайлау  жүргенім,
                             Жұмыстан шаршап  келгенімде,
                             100 грамм берші  сүйгенім.
Осылай ән тұлпарымен көсілгенде даусына таң қалсақ, сөзіне ел қыран-топан күлуде. Өзі «шопыр» сияқты. Кейде «легковой мінгенім, арасы ауыл жүргенім» деп өзгертіп қояды.
Қоржын үйдің екінші жағында құда-құдағилар айтысып  жатыр. Біздің жақтың апалары «Үкімізді  беріңдер» деп  құдалардың  қалтасын  әбден қақты. Екі  жақ та қызық болып, ортада біз ары-бері сабылып жүрміз. Таңның  қалай  атқанын  да білмей  қалдық.
Күн арқан бойы  көтеріле  есік  алдына жүк  машинасы   келіп, Жібек  апайдың  жасауы  тиеле бастады. Шамалы  сәттен кейін  құда-құдағилардың  соңын ала үйден  жас жұбайлар шықты. Ауланың  оң  жағында  осы  шаңырақтың  үлкен-кішілері  және туған-туыстары  қатар  тұрған еді.
Жібек апай, ең алдымен  Қабдолла  атаға,  сонан кейін  басқаларға  сыңсып жеке-жеке  өлең шумақтарын  арнап келіп, ең соңында бүкіл ауылдастарына қарап:                     
                       Қарғыба  аққан  өзенім,
                       Жағасында  өз елім.
                       Сағынғанда  сендерді,
                       Өртенеді-ау өзегім,-
дегені  есімде  қалыпты. Сыңсып жылап  көлікке отыра  берген  Жібек апайға Сарқытбай: «Жылайтының  бар  күйеуге  неге тиесің?» - деп еді, ел ду етіп  күліп  жіберді. Сол кезде  көліктер де орнынан  қозғалды.
Содан бері 40 жылдай уақыт өтті. Біз де өстік, өндік. Өнерімізбен  өз ортамызға танылғандай  болдық. Қаншама үйлену тойларын өткіздік. Алайда, соңғы рет көрген осы бір сыңсу дәстүрі  жадымда  жатталып  қалыпты.

Серік Зейнетайұлы, Тарбағатай ауданы 



                                                                                                                                

  • Digg
  • Del.icio.us
  • StumbleUpon
  • Reddit
  • RSS

0 коммент.:

Отправить комментарий

Back to TOP